Астрахань облысында жоғалған қазақ баласы табылды
АСТРАХАНЬ. 30 қазан. Астрахань облысында жоғалып кеткен 11 жасар қазақ баласы аман-есен табылды. Бұл туралы Astrahan.ru хабарлады.
Қазанның 26-сы күні кешке Камызяк ауданындағы Лебяжье селосында тұратын 11 жасар Шыңғысхан Қойшиев деген қазақ баласы үшті-күйлі жоқ болып кетеді.
Сонда балаға не болған? Бесінші сыныпта оқитын ұл таңертең үйінен кеткеннен кешке де, ертеңіне де қайтып оралмаған. Осыдан кейін полицияға хабар беріледі. Оны іздеуге құрамында инспекторлар мен қылмысты іздестірушілері бар іздестіру тобы кіріседі.
Жоғалған бала 29 қазан күні Астрахань қаласындағы Ленин ауданынан табылады.
Кейін белгілі болғанындай, бала өзінің еркімен облыс орталығына барады. Сонда жаңа дос тауып алады. Ақырында соның үйіне барып, уақытын көңілді өткізеді. Ал іздестіру жүріп жатқанын білгесін жаңа досының ата-анасы баланы заңды уәкілге тапсырады.
Аудандық полиция бөлімінде баланың ата-анасымен әңгіме жүргізілді. Бірақ бала тарапына байланысты ешқандай іс қозғалған жоқ.