Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Президент Пехлеванидиді «Достық» орденімен марапаттады

АСТАНА. 30 қазан. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше қазақстандық белгілі футболшы Евстафий Пехлеванидиді 60 жасқа толуына байланысты екінші дәрежелі «Достық» орденімен наградтады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы «Қайраттың» 80-ші жылдардағы атақты шабуылшысы Евстафий Пехлеванидиді 60 жасқа толуына байланысты орденмен марапаттағанын өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды. «Өзінің 60 жылдығын атап өтіп жатқан «Қайраттың» аты аңызға айналған форварды Евстафий Пехлеваниди Қазақстан футболының дамуына және Қазақстан мен Грекия арасындағы достыққа үлес қосқаны үшін 2-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды», – делінген онда.

Евстафий Пехлеваниди 1960 жылғы 30 қазанда Шымкент қаласында туған. КСРО спорт шебері. Оның әкесі Алкивиад та кезінде футболшы болған. Ол 40-шы жылдары Тбилисидің «Динамо» командасында ойнаған. Ал 1949 отбасы түгел Қазақстанға жер аударылған.

Евстафий футболдағы өмір жолын 1977 жылы 16 жасында Шымкенттің «Металллург» командасында бастаған. 1979 жылы команда сапында 28 гол соғып, үздік шабуылшы атанды. Келесі жылы ол «Қайрат» командасына шақырылды. Команда сапында 1989 жылға дейін ойнады. Осы аралықта Одақ чемпионатының жоғары лигасында 226 ойынға қатысып, 69 гол соқты.

Евстафий КСРО футбол тарихында ең жылдам гол соққан ойыншы болып есептеледі. Ол 1986 жылы 3 қыркүйек күні Алматыда өткен жергілікті «Қайрат» пен Киевтің «Динамосы» арасындағы матчтың 10-секундында Виктор Чанов қорғаған қақпаға доп салып үлгерді.

Пехлеваниди 1990 жылдың сәуір айында туған-туыстарының артынан Грекияға қоныс аударып, сонда Левадияның «Левадиакос» командасында үш жыл ойнады. Бұдан кейінгі екі жылды бірінші лига командасында өткізді. Футболшылық маусымын аяқтағаннан кейін 3,5 жыл жүк түсіруші болып істеді. Ал 1996 жылы анасы қайтыс болған соң Афинаға қоныс аударып, оралмандардың балалары командасына жаттықтырушы болды. Осы командада Алматыда өмірге келген өз ұлы Дмитрий де ойнады. Оның бұдан басқа, 1984 жылы туған Домна атты қызы да бар.

Евстафий 2010 жылы 31 қазанда Алматыда 50 жылдығын атап өту кезінде «Қазақстан голеодоры» атты кітабының тұсаукесерін жасады. Кейін бұл кітап толықтырылып қайта жазылды.

2017 жылы 10 мамырда «Қайрат» футбол клубының академиясы ашылып, оған Пехлеваниди есімі берілді.

Осыған байланысты ол 2019 жылдың жазында Алматыға келіп кетті.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button