Армяндар бітімнен кейін бірінші болып Гәнжәні атқылады
БАКЫ. 11 қазан. Армян қарулы жасақтары бітім туралы келісім күшіне енгеніне қарамастан, түнгі сағат 02:00 кезінде Гәнжә қаласын зеңбірекпен бірнеше рет атқылады. Бұл туралы Oxy.az сайты хабарлады.
Бітім уақыты 10 қазан күні сағат түскі 12:00-ден басталған еді. Ол екі тараптың тұтқындар алмасулары мен қаза тапқан өз жауынгерлерінің мәйіттерін алуларына арналуға тиіс болатын.
«Жаудың оңбағандығында шек жоқ. Армения өзі барлық мінбелерден көзінің жасын көлдетіп тұрып сұрап алған гуманитарлық мақсатта атысты тоқтату шартын қабылдап үлгермей жатып, тағы да Гәнжәні оқтың астына алды. Біз тағы да бейбіт тұрғындардың құрбандығын көріп отырмыз», – делінген хабарламада.
РФ, Әзербайжан және Армения сыртқы істер министрлері арасында гуманитарлық мақсатта Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарын тоқтату туралы келісім жасалғанына тәулік өтпей, армян қарулы жасақтары сол күнгі түннің жарымында шекара мен соғыс болған аумақтан алыстағы Гәнжә қаласының қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан көп қабатты үйлері тұрғындарын бораған оқтың астына алды. Нәтижесінде 9 адам қаза тапты. Бұдан бөлек, тағы 34 адам жарақаттанып қалды. Шаһардағы әртүрлі 100 нысанға айтарлықтай залал келді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев осыған байланысты өзінің Twitter-аккаунтінде ашық наразылық білдірді. Ол мұның әскери қылмыс екенін атап өтті. «Бұл – Женева конвенциясы шарттарын ашықтан-ашық бұзу» деп жазды ол тағы. «Бұл – Ресейдің ара ағайындығымен жүргізілген келіссөзді құрметтемеу, армян фашизмінің кезекті көрініс беруі. Бұл оңбағандық әрекет әзербайжан халқының еркін ешқашан баса алмайды», – деді бұдан әрі Әзербайжан президенті.
Мұны Ильхам Әлиев өз тілінде былай деп жазды: «Rusiyanın vasitəçiliyi ilə aparılmış danışıqlara hörmətsizlik və erməni faşizminin növbəti təzahürüdür. Bu alçaq əməllər Azərbaycan xalqının iradəsini heç vaxt sındıra bilməz!»
Бұдан кейін Әзербайжанның бірінші вице-президенті Мехрибан Әлиева осындай пікірлерді Instagram-ға жазып қалдырды.
Әзербайжан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, армян қарулы жасақтары мұнымен тоқталған жоқ, Таулы Қарабақтағы Агдам, Тертер, Агджебедин және Физули аудандарындағы ауылдарды да атқылаған.
Соққылардың Арменияның Варденис ауданынан жасалғаны сол бойы айдан анық белгілі болған. Оны жасыру да мүмкін емес еді.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу осыдан кейін РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа қоғырау шалып, армяндардан жауапкершілік сұрауды, қатты жауапқа тартуды талап етті.
Әлбетте, мына жағдайдан кейін Әзербайжан армиясы да қарап қалған жоқ. Ол мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының астанасы – Степанакерт (әзербайжанша атауы – Ханкәнди) қаласына 7-8 снаряд жөнелтті.
Бүгін ұрыс қайта жалғасып, Әзербайжанның әуе-қорғаныс күштері жаудың 41-ші арнайы артиллерия полкын тас-талқанын шығарды. Нәтижесінде армянәскерлері мен техникаларының басым бөлігінен айырылып қалды. Өздері кері қашуға мәжбүр болды.