Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Бір адамды ұрып өлтірген 5 милиционер сотталды

ҚАРШИ. 22 қыркүйек. Кеше Өзбекстанның Қашқадария облыстық соты қамауға алынған азаматты ұрып өлтіруге қатысқан ішкі істер органдарының бес қызметкеріне үкім шығарды. Бұл туралы Central.Uz хабарлады.

Әңгіме осы облыстың Чирақчи ауданының бір тұрғынын аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің жабылып ұрып, өлтіріп қойғанына қатысты қозғалып отыр.

Айыпталушылар сот отырысында өздерінің марқұмды заңсыз ұстағандарын, оны ұрып-соғып азаптағандарын, қасақана ауыр дене жарақаттарын салғандарын және қызметтік көзбояушылыққа салынғандарын мойындады. Осыған байланысты облыстың Чирақчи аудандық ішкі істер органдары №4 іс-қимылды үйлестіру басқармасының бастығы Нурбек Овлаев 9 жылға сотталды. Ол жазасын өтеп келгеннен кейін 2 жылға дейін белгілі бір лауазым атқара алмайды, құқық қорғау органдарында қызмет етпейді.

Оның қалған қызметкерлері (4 адам) 8 жылдан 4 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды, оларға да жазаларын өтегеннен кейін 2 жылға дейін белгілі бір лауазым атқаруға және құқық қорғау органдарында қызмет істеуге тыйым салынды.

Бұдан бұрын биылғы жылғы 23 қаңтарда жедел-іздестіру шаралары кезінде Чирақчи ауданының Лангар қишлоғында аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің 32 жастағы жергілікті тұрғын Юсуф Абдурахмановты ірі қара малын ұрлады деген күдікпен ұстағаны хабарланған болатын. Бөлімге жеткізілгеннен кейін ол соққыға жығылып, ауруханаға жатқызылады. Жәбірленуші бөлім қызметкерлерінің ұрып-соғуы нәтижесінде алған жарақаттары салдарынан сол жерде қайтыс болады.

Бұрнағы күні Өзбекстан сайттарының дерегіне сүйенген rast.kz осы қылмыстық оқиғаға байланысты Қашқадария облыстық сотында өтіп жатқан сот процесі туралы жазып еді. Онда марқұмның әйелі Гузаль Абдиеваның осы қылмысты жасаған милиционерлерді қамаудан босатып жіберуді сұрағаны айтылды.

Сот отырысына Өзбекстан Жоғарғы сотының судьясы К. Толлибоев төрағалық етті.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button