Беларусьте үйлестіру кеңесі бойынша іс қозғалды
МИНСК. 20 тамыз. Беларусь бас прокуратурасы оппозицияның үйлестіру кеңесін құруына байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы «Евразия.Эксперт» сайты хабарлады.
Бас прокуратура оны Қылмыстық кодекстің «Билікті басып алу» бабы бойынша қозғаған. Бейсенбі күні бас прокурор Александр Конюк осы туралы айтты.
«Іс басындағы президенттен билікті өзіне алу процесін жүргізетін саяси орган құру жоспарланып отыр. Мұндай органдарды құру заңнамада қарастырылмаған, ал олардың әрекеті конституцияға сәйкес келмейді», – деді Коньяк. Ол кейбір азаматтардың кеңес құрамынан шығуларын «өз әрекеттерінің заңсыздығын түсінулері және оның әрекетімен келіспеушілігі» деп түсіндірді.
Еске сала кетейік, аталмыш органның құрылғанын 14 тамызда экс-кандидат Светлана Тихановская мәлімдеген еді. Ал бұдан бұрын Латвия, Литва және Польша елдері билік пен оппозицияны өзара диалог жүргізуге шақырған болатын.