Финляндия премьер-министрі футболшыға күйеуге тиді
ХЕЛЬСИНКИ. 3 тамыз. Финляндияның премьер-министрі Санна Марин тұрмыс құрды. Бұл туралы ел үкіметі сайтына сілтеме жасаған Lenta.ru хабарлады.
Саясаткер некелік тағдырын өзі 16 жылдан бері кездесіп келе жатқан футболшы Маркус Райкконенмен ұштастырды. Екеуінің қазір жасы екі жарымға келген қыздары бар. Үйлену тойы үкімет басшысының резиденциясында өтті. Оған жас жұбайлардың ең жақын туыстары мен жолдастары қатысты.
Санна Марин өткен жылдың желтоқсан айынан бері ел үкіметін басқарып келеді. Ол бұл орынтаққа отырған үшінші фин әйелі болып отыр. Ол сондай-ақ тек Суомидегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең жас премьер болып саналады. Оның кабинеті 19 министрден құралса, солардың 12-сі әйелдер екен. Сол сияқты елдегі бес аса ірі партияның төртеуі әйелдер басқарып келеді.
Эстония ішкі істер министрі және консервативті халық партиясыны өкілі Март Хельме жаңа фин үкіметі тағайындалған бойда оны «аспаздардың үкіметі» деп атаған еді. Мұнысы Владимир Лениннің әйгілі дәйектемесіне жүгінгендік және Марин мен оның әріптестерінің солшылдық сипатына мән бергендік деп атап көрсетті.