Сапарбаев Жамбылдағы дәрі-дәрмек қардарлығын тез шешуді тапсырды
ТАРАЗ. 27 маусым. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тиісті басшылардан уақытты созбай, дәріханалардағы дәрі-дәрмектер тапшылығын жоюды тапсырды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Облыстық жедел штабтың кезекті отырысында аймақ басшысы жауапты басқармалар басшыларын коронавирустық пандемияның екінші толқынына тыңғылықты дайындалуға шақырды.
Облыста үстіміздегі жылдың 26 маусымындағы жағдай бойынша 647 COVID-19 оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар, 478 симптомсыз науқас бар. Олардың басым бөлігі Тараз қаласынан, Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарынан шығып отыр.
Инфекция ошақтарында 6 632 байланыста болған тұлға анықталды, оның ішінде 4 609 адам жақын және 2 023 ықтимал байланыста болған. Бақылау мерзімі аяқталғаннан кейін 5 147 байланыста болған адам бақылаудан алынды. «Ұлттық сараптама орталығымен» Жамбыл облыстық филиалының 789 ошағында қорытынды дезинфекциялық өңдеу жүргізілді.
Шетелден және басқа өңірлерден келген барлығы 7 492 адам ПЦР-тестінен өтті. Оң нәтиже көрсеткен алты адам тұрғылықты жері бойынша Алматы, Қарағанды қалаларында және Қырғыз Республикасында емделуде.
Бердібек Сапарбаев эпидемиологиялық жағдайдың тұрғындардың жауапсыздығы мен бақылау топтарының әлсіз жұмысының салдарынан нашарлап жатқанын атап өтті.
Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Жуық арада Тараз қаласының тұрғыны, карантиндік талаптарға қарамастан, өз үйінде ондаған қонақтардың қатысуымен мерекелік шара өткізген. Тұрғындардың бейқамдығы коронавирустық инфекцияның қаупін толық түсінбей отырғандығын көрсетеді.
Облыс әкімі дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Біздің аймақта ғана емес, бүкіл елде тұрғындар вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін препараттарды жаппай сатып алуда. Қардарлық күннен күнге көтеріліп келеді.
«Адамдар дәрі-дәрмектерсіз қалудан қорқып, алдын-ала сатып ала бастады. Сонымен қатар, дәрігерлердің өздері де дәрі қабылдауға кеңес беріп отыр. Бірақ дәрі болмаса, олар қалай емделеді?» – деп атап өтті облыс әкімі.