Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі болды
АСТАНА. 25 маусым. Қазақстанның жаңа Денсаулық сақтау министрі болып Алексей Цой тағайындалды. Бұл туралы «Vласть» журналы хабарлады.
Оның кандидатурасы алдымен Мәжілістің әлеуметтік мәселелерді дамыту комитетінде мақұлданды. Содан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлық шығарды. Осымен бірге Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды.
Жаңа министрді ұжымға Үкімет басшысы Асқар Мамин таныстырды.
Еске салып өтейік, бұдан бірнеше күн бұрын Премьер-министр Алексей Цойды ұжымға министрдің бірінші орынбасары ретінде таныстырған болатын. Ол сонымен бірге бірден министрдің міндетін атқарушы болып белгіленген. Себебі, бұл кезде министр Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырып алып, ауруханада жатқан болатын.
Асқар Мамин бүгін енді Елжан Біртановтың денсаулық жағдайына байланысты өз өтінішімен отставкаға кеткенін мәлімдеді. Өзінің өтінішінде ол ауырып қалуына байланысты қосымша емделуге тура келетінін, мұның өзі денсаулық сақтау саласындағы жұмыстың ақсауына апарып соқтыратынын, сондықтан осындай шешім қабылдауға тура келгенін атап өткен. Бұрынғы министр бұл мәтінде Facebook-тегі парақшасында да жариялады.
Цой Алексей Владимирович 1977 жылы 2 сәуірде Шымкент қаласында туған. Лондондағы Sells College университетін, Қазақ мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан облыстық медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративті басқару жоғары мектебін бітірген.
Іскерлік әкімгершілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.
Әртүрлі жылдары Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың ішкі медицина орталығының хирург-эндоскописі, аға ғылыми қызметкері, жетекші ғылыми қызметкері, «Еуразиялық респиратор қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті іс басқармасы қазіргі заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, Президент іс басқармасы медициналық орталығының бастығы, Астанадағы №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, Денсаулық сақтау вице-министрі болған. 2019 жылдың ақпанынан бері Президент іс басқармасы медициналық орталығын басқарды.
Айтқандай, жаңа министрдің қазақшасы жақсы.