Ұйғыр ауданында шыққан дауға нүкте қойылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 12 маусым. Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы «Ақтам» орта мектебінде орын алған ұлтаралық татулыққа сына қаққан келеңсіз оқиғаға нүкте қойылды. Бұл туралы Dalanews.kz хабарлады.
Бұдан бірқатар уақыт бұрын журналист Қанат Әбілқайыр осы мәселеге жұртшылық назарын аударып, әлеуметтік желіде өзінің ойын айтқан болатын. Ол өз сөзінде осы ауылдағы бір оқушы қыздың WhatsApp-та пост жазып, ашықтан-ашық қазақ пен ұйғыр арасына от тастап отырғанын сынға алды.
Атап айтқанда, «Ақтам» орта мектебінің 10 сынып оқушысы Шахсанам Турсынова WhatsApp-тағы статусында:
«Қазақ жері деп кеуде кере бермей-ақ қойыңдар, жер де, шаңырақ та Алланыкі, соны біліңдер, қазақ балалары. Сендерде күш жоқ, жеке шығып сөйлесуден қорқасыңдар. Ағаларыңа көрсетіп қойыңдар, если че, қыздар!», – деген жазба қалдырыпты.
Тағы бір өрескел жайттың шетін шығарған журналист осы мектепте биология пәнінен сабақ беретін мұғалім Турдибуви Кахарованың қағаз-құжатты қасақана ұйғыр тілінде толтырып, басшылықтың ескертуіне еш құлақ аспайтынын жазады.
Мектеп директорының орынбасары құжатты мемлекеттік тілде толтыруды бірнеше рет ескерткенімен, оқытушы оның сөзін елемеген. Қай тілде толтырса да өз еркі екенін айтып қасарысқан. Мұның соңы үлкен даудың тұтануына себепші болған.
Бір айта кететіні, Турдибуви Кахарова – WhatsApp-та қазақ ұлтына көпе-көрнеу тіл тигізген Шахсанам Турсынованың сынып жетекшісі.
Артынша Алматы облысының әкімдігі жазылған жайды бірден бақылауға алынғанын мәлімдеді.
«Мәселенің ақ-қарасы анықталғаннан кейін, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары К.Бекмұхамбетов «Ақтам» орта мектебінің ұстаздар ұжымымен және оқушылармен кездесті. Оның ішінде Шахсанам Турсыновамен түсіндіру жұмысы жүргізілді», – деп мағлұм етті облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мамырдың 19-ында Ұйғыр ауданы әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, осы жиында Шахсанам Турсынованың мәселесі қаралған.
Комиссия мүшелерінің ұйғарымымен ата-аналық міндетін дұрыс атқармағаны үшін оқушының анасы Луиза Алмахунованы әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданған.
Мектеп басшылары да жазадан құтылған жоқ. Айталық, «Ақтам» орта мектебінің директоры Октябрь Измахунов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұқаметқали Қапсаламов лауазымдарынан босатылды. Осындай жазаға биология пәнінің мұғалімі Турдибуви Кахарова да тартылып, қызметімен қоштасты.
Бұдан бөлек, Ақтам ауылдық округі әкімі аппаратының спорт жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы Сабиржан Камаев пен Тиірмен ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы Умида Якярова жұмыстарынан кетті.
«Алдағы уақытта аталған жайттардың қайталанбауы үшін облыстық комиссия мүшесі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай аудан белсенділерімен жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Аудан халқы «құмалақтың» кесірінен тұтас өңірге сөз тигенін алға тартып, мұндай келеңсіз жайттың орын алғанына өкініштерін білдірді», – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
«Әзір мектептегі ахуал бірқалыпты. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», – дейді өз кезегінде Ұйғыр ауданының әкімдігіндегілер.