Жамбыл облысында 84 ауыл газбен қамтамасыз етіледі
ТАРАЗ. 10 маусым. Кеше Жамбыл облысының 50 ауылына су құбыры тартылып, 84 ауыл газбен қамтылатыны айтылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Бүгінгі таңда облыс елді мекендерінің 57,8 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. 2023 жылы облыс тұрғындарын толық ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген. Оны облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді.
Үстіміздегі жылы 17,4 миллиард теңгеге 50 сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүргізілуде, бұл 2019 жылмен салыстырғанда, 2,5 есе көп. Жыл соңына дейін 34 нысан пайдалануға берілуі тиіс. Қажетті қаржы «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында қарастырылған.
Сумен жабдықтау нысандарының басым бөлігі Жуалы, Байзақ, Рысқұлов және Жамбыл аудандарында салынаады.
2021-2023 жылдары 84 елді мекенге жүздеген шақырым су құбыры тартылып, облыстың барлық тұрғындары толық таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жоспар-кестеде белгіленген мерзімнен қалыс қалмау үшін Меркі, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне мердігерлермен мәселелерді шешіп, жобалық-сметалық құжаттарды уақытылы дайындау тапсырылды.
Ауылдарды газдандыруға облыстық және республикалық бюджеттен, соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде қарастырылуда. Барлығы 84 ауыл газдандырылады, сөйтіп, биыл 30 ауыл «көгілдір отынмен» қамтылады.
Бүгінгі таңда облыстағы 377 елді мекеннің 192-сіне табиғи газ құбыры тартылған, бұл 51 пайызды құрайды.
«Еліміздің барлық тұрғындарының таза ауыз суға қол жетімділігін қамтамасыз ету және газдандыруды жүргізу маңызды басымдықтар болып табылады. Бұл бағыттағы көрсеткіштер жаман емес. Ендігі міндет – жұмыс қарқынын төмендетуге әкелетін олқылықтарға жол бермеуге керек. Жауапты орындар барлық үйлердің газ құбыры мен су жүйесіне қосылуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
«Инженерлік инфрақұрылым жүйелі түрде дамуы қажет. Тұрғындар жолдар ретке келтірілгеннен кейін жерасты инженерлік желілерін жөндеу үшін көп уақыт өтпей қайта қазылып, бұзылатынына жиі шағымдануда. Барлық жұмыстар қатар атқарылуы керек», – деді ол.
Кеңеске қатысушылар жобалық-сметалық құжаттамалардың әзірлену барысын да жан-жақты талқылады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова өз баяндамасында 2019-2020 жылдарға жоспарланған 412 жобаның 305-і бойынша жобалық-сметалық құжаттамалардың әлі дайындалмағандығын айтып өтті. Оның 56-сы күзге дейін мақұлдануы керек.
Жобалардың көпшілігі Тараз, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Сарысу және Рысқұлов аудандарында жүзеге асырылмағандығы анықталған.
Аймақ басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу шараларын жеделдетуді тапсырды.
«Мен жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау барысы бес-алты жылға созылатындай ешқандай айтарлықтай себеп көріп тұрған жоқпын. Тек жергілікті жерлерде нақты жұмыс жүйесі қалыптаспаған», – деп түйіндеді жиынды облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев дайын типтік жобаларды қолдануды және бір үлгілегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге артық ақша жұмсамауды міндеттеді.
Жиында хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы облыс әкімінің басшысы Алмас Мәдиев есеп берді. Облыстық басқармалар, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері аймақ басшысының кейбір тапсырмаларын уақытылы орындамай отырғандығы белгілі болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруді көздейді. Тұрғындардың мәселелерін шешу жолындағы мен жүктеген нақты міндеттер уақытылы орындалуы тиіс керек», – деді Бердібек Машбекұлы.
Жиын соңында облыс әкімі биылғы жылдың қыркүйек айына дейін барлық мектептер іштегі жылы дәретханалармен және бейнекамералармен қамтамасыз етілуі керектігін ескертіп өтті.