Сапарбаев демалыс күні сауда орындары жұмысымен танысты
ТАРАЗ. 31 мамыр. Бүгін, жексенбі күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарының жұмысын аралап көрді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Облыс басшысы алдымен қаланың шығыс шетінде орналасқан «Ауыл береке» базарына барды. Онда азық-түлік тауарларының ассортиментімен, сапасы және бағасымен танысып, сатушылармен және тұтынушылармен сөйлесті. Бүгінде базарда жеміс-көкөністердің, құрылыс материалдары мен ауылшаруашылық өнімдерінің көтерме сауда секторы жұмыс істеп тұр. Карантинге байланысты азық-түлік емес тауарлар сауда бөліктері жабылған.
Базар аумағын шолып шыққан аймақ басшысы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
«Бұған дейін мен базар аумағын ретке келтіруді, сауда орындарын жақсартуды, ыңғайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударуды тапсырған болатынмын. Алайда, бұл нұсқаулар толық орындалмаған. Жайлы сауда павильондары жоқ. Кейбір сатушылар жерде сауда жасап отыр. Көлік құралдарының базардағы ретсіз қозғалысы өрт қаупін тудырады», – деді Бердібек Сапарбаев.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақталуы да ойдағыдай емес. Сатушылар да, сатып алушылар да бетперде кимейді, адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмайтыны көрініп тұр.
«Нарық қызметкерлері азық-түлік емес сектордағы жұмысты қайта бастауды сұрайды. Алайда, базар әкімшілігі қажетті санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ете алмай отыр. Тиісті шаралар қабылдаңыздар, содан кейін ғана базарды толық ашу туралы айтуға болады. Пандемия кезінде біздің азаматтарымыздың денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларын елемеуге жол берілмейді», – деді Бердібек Машбекұлы базар басшылығына.
Облыс әкімі сондай-ақ «Орталық» және «Атакент» базарларына ат басын тіреп, қаладағы бірқатар демалыс саябақтарына аялдады.
Осы күні Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысындағы шекара қызметі департаментінің жұмысымен, ондағы әкімшілік ғимаратының жай-күйімен танысты. Онда департамент басшылығымен бірге ведомствоның өзекті мәселелерін шешу жолдарын талдады.