Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Ким Чен Ын тағы да жоқ болып кетті

СЕУЛ. 22 мамыр. КХДР лидері тағы да көкжиектен көрінбей, жоғалып кетті. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның «Рёнхап» ақпарат агенттігі хабарлады.

Көрші елдің саясаткерлері солтүстіктегі ел басшысының соңғы үш аптадан бері көпшілік алдына шықпай қалғанын айтып, тағы да дабыл қақты.

«Билік жағдайды мұқият бақылап отыр, – деді бүгін Корея Республикасының біріктіруі министрлігінің өкілі Йо Санг-Ким брифингте. – Ол қаңтар айында да осылайша 21 күн бойы жұрт алдына шықпап еді. Сондықтан біз оның жоқ болып кетуін БАҚ-тардағы деректер бойынша бақылап отырамыз».

КХДР-да күнделікті шығып тұратын «Нодон синмун» газеті Ким Чен Ынның жоғалып кеткені туралы алып-қашты хабарламалардың әредік тарап тұратынына қарамастан, оның жылына 365 күн, ешбір демалыссыз, туған күндерсіз, тіпті ұйқысыз жұмыс істейтінін жазып еді. Басылым сондай-ақ Кимнің халыққа деген махаббатының зор екенін жаза келіп, оның шетелдік державалардың қысымын қоса есептегенде, «шексіз қиындықтарға» және «қатқыл жағдайға» қарамастан, дана басшылық жасап келе жатқанын жеткізді.

Соңғы айларда Ким Чен Ын шынында бірнеше мәрте көпшіліктің көз алдында көрінбей қалды. Осылайша 13 мамыр күні лидердің 12 күннен бері көрінбей кеткені хабарланды.

Сәуірдің ортасында ол атасы Ким Ир Сеннің туған күніне байланысты шараға қатыса алған жоқ. Содан кейін елбасының қайтыс болғаны жайында да қауесет тарап кетті. Алайда, 2 мамырда Корея Орталық телеграф агенттігі мен елдің ресми басылымы Кимнің жаңа зауыттың ашылу салтанатына қатысып жатқан кезіндегі суретін жариялап, әлем жұртының аптығын басқан болатын. Бірақ одан кейін Кимнің әлдеқандай бір шараға қатысқаны туралы хабар болған жоқ.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button