Күнделікті баспасөзде ара-тұра ұшырасып қалатын «Медальдің екі жағы» деген тіркес бар. Көрші елден енген тіркес. Калька түрінде кірген. Ал Михаил Горбаневский деген тіл ғылымы профессорының айтуынша, орыс тіліне француз тілінен дәл осы жолмен көшкен. Жаппай қолданыла қоймайды. Мүлде жоқ деуге де болмайды. Кейде «Медальдің екінші жағы» делінеді. Оны айтасың, тіпті «Медальдің үшінші жағы» деген кинокартина да бар.
Сонымен, медальдің екі жағы… Осындай атаумен кітап та шыққан, фильм де түсірілген. Мағынасы қарама-қайшылықты білдіреді. Кәдімгі төл оппозициялық ұғымдарды танытады. Жақсы мен жаман, жер мен көк, астар мен қатпар, пейіл мен пиғыл, ақ пен қара, жалпы мен жалқы… Жә, жетер…
«Медальдің екі жағы» дегенді жіліктеп талдауға ниеттенгендер мұны мәселенің қалтарыстағы бөлігі, көлеңкелі жағы деп тәптіштеп тәпсірлейді. Келесі бір топ осы тіркесті дұрыс шешім мен бұрыс шешімнің ара қатынасы тұрғысынан зерделейді. Ал үшіншілері бір-бірімен бәсекелес екі тараптың да медалмен марапатталатынын тілге тиек етіп, «екі жақ» дегенді осылай түсіндіреді. Ал төртінші топ тіркесті философия ілімінің иіріміне қарай тартады. «Медальдің бір жағы – сенің жарқын жеңісіңнің көрсеткіші. Екінші жағы – сол жеңісіңнің құны, маңдай теріңнің өтеуі», – деп миыңды атала қылып жібереді. Болар-ей, осымен қанша жерден медальтанушы болсақ та…
Не айтқымыз келіп еді өзі? А, иә, Бекзаттың алтын медалі.. Биыл Қазақстан Журналистер одағы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысы бар бірқатар азаматқа медаль берді. Жай медаль емес, алтын медаль! Журналистер мерекесі қарсаңында әріптестерімізге осылай құрмет көрсетілді. Сол медаль иеленгендердің арасында Бекзат Алтынбеков те бар. Ақтоғайдың перзенті. Қарағандының тұрғыны. Жай тұрғыны емес, танымал тұрғыны. Жаңағы медальді тегіннен-тегін иеленген жоқ. Ілгеріректе бұқаралық ақпарат құралдарында тынымсыз тер төккен. Газетте де, телерадиокомпанияда да өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Баспасөздің де, басқа сөздің де парқын біледі. Басшы да, қосшы да болып көрген. Қазір беделді қызметтің тұтқасын ұстап отыр.
Бекзатпен анда-санда түрлі басқосуларда кездесіп қалатынымыз болмаса, етене араласқан емеспіз. Бірақ жолыққан сайын жақсы әсерге бөлейді. Жүзі жылы. Сөзі сырлы. Қарапайым қалпынан танбайды. Қайырымы мол. Қамқорлығын көргендер көп. Жоқ-жітікке жәрдемі жеткілікті. Барын бөліседі. Адаммен адамша сөйлеседі. Қарттарды қадірлейді. Ағаларды ардақтайды. Жастарды жарылқайды. Оның мейірім шуағына бөленіп, шарапатын көріп, шапағатын сезінген жас перілер баршаға белгілі «Алтын бесік – Ақтоғайым!», – деген өлең жолын «Алтынбеков – Ақтоғайым!», – деп түрлендіріп, өңін өзгеріп айтатын көрінеді. Әдемі әзіл. Қазақы қалжың. Ағаны аялау. Сыйласты саялау. Әйтеуір Бекзаттың беделі биік. Жұртқа жаққан жан. Сондықтан біздің де оған құрметіміз бөлек.
Баяғыда әйгілі Бекзат алтын медаль алып, айды аспанға бір-ақ шығарғанда бүкіл ел болып бөркімізді аспанға атып, қатты қуанғанбыз. Содан кейін тағы бір Бекзатқа сүйсініп тұрғанымыз осы. Әрине, ол медаль мен бұл медаль салыстыруға да келе қоймас. Дегенмен, Алтынбековтің осы жолғы алтын медалінің де өз жөні бар. Өйткені, бұл медальдің екі жағы да таза. Мән-мазмұны да бір-біріне қайшы келе қоймайды. Екі жағы да жағымды кейіпкердің бет-бейнесін айшықтап тұрады. Бекзаттың болмыс-бітімі де соған сай келетін тәрізді.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD

