Біз бүгін Қазақстан балаларының аманатын асқақтатып жүрген парасатты публицист, танымал жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Бейсенбай Сүлейменовтің әдебиет әлеміне қатысты ой-толғанысын ұсынып, өзі қалам тербеген кейіпкерлерінің өнегелі өмір жолдары жайлы сыр шертетін сұхбат сериясын жариялауды бастаймыз.
1.ҒҰЛАМА ЖЫЛДАР СУДЫРЛАТҚАНДА ПАРАҒЫН
– Бейсекем, баяғыда белгілі ғалым Бейсембай Кенжебаевқа қарата сөйлегенде шәкірттері, інілері, қатарластары түгел «Бейсекем» дейді екен. Бұл оған деген қылаусыз құрметтен, шексіз сүйіспеншіліктен туса керек. Бұған ол кісінің мінез-құлқы да әбден лайықты болғанға ұқсайды. Сол сияқты мен де сізді көптен бері осылай атап келемін. Білуімде, бұл тұрғыда мен жалғыз да емеспін. Осыған орай қойылатын бір сұрақ: Адам өзіне деген қалтқысыз қошемет пен ырғасы бөлек ықыласты қалай қалыптастыра алады?
– О, Секем-ай! Бұл сұрағыңның тамыры тереңде жатыр. Олай дейтінім, Бейсембай Кенжебаев – бір дәуірдің, әдебиетті ту еткен журналист, жазушы-ғалымдардың ұстазы. Дәрістерін тыңдап өстік. Сол бір – алпыс-жетпісінші жылдарда Қазақ университетінде бір топ тамаша, ұлы ұстаздар еңбек етті. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, профессорлар Белгібай Шалабаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Рымғали Нұрғалиев, Абдулхамит Мархабаев… Тіпті, ол кезде сабақ берген ұстаздардың барлығы қайталанбас тұлғалар еді. Олардың қадыр-қасиетін кейде түсініп, кейде түсінбейтінбіз. Бірақ менің бір есімде қалғаны: үзіліс болған кезде қастарына келіп, өз аға-аталарымызды көргендей қуанатынбыз. Құшақтап, еркелейтінбіз. Бұл көрініс біздің балалығымыз, олардың алып, асқар таудай келбеті сияқты еді. Осы көрініске бақандай алпыс жыл өтсе де, біздің бала журналист көңілімізде сақталып қалды. Секем-ай, сен сол бақытты жылдарды есіме түсірдің, рахмет!
Осы бір ғажайып шығармашылық әлем – үлкен журналистикаға мені жетелеген, бағыт-бағдар берген ұстаз-даналарым қаншама. Ал бақытты балғын шаққа саяхат жасасатын балалықтың қара шаңырағы – «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері» газеті дер едім. Өмірді сүю балаларды сүюден басталса керек. Осы басылымда еңбек еткен мүшел жас өмірімді еске алсам, ең алдымен бас редакторларым, өзім көздерін көрген, атасының ақ жайлауын сағынғандай, еркелей іздеп келетін Сансызбай Сарғасқаев, даналық пен сабырлықтың үлгісіндей болған Кемел Тоқаев, ғалым-ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов, серілік пен саяхатшылықтың үлгісін дәріптеген Сейдахмет Бердіқұлов, еліміздің ұлы ақын қызы Фариза Оңғарсынова, қазір арамызда жүрген тарихшы-ғалым Бейбіт Қойшыбаев, академик Уәлихан Қалижанов ағаларым есіме түседі. Олар маған Қазақстан балаларына қамқор бол деп, аманат етіп тапсырып кеткендей…
– Осыған сабақтас тағы бір сауал: Жазушы жасы ұлғайған сайын қандай ойға көбірек шомып, қандай қиялдарға қайта-қайта қанат қақтырады екен? Әлде кезінде қаперде жүргенімен жазылмай қалған, енді уақыттың тығыздығынан қол жеткізе бермейтін туындылары төңірегінде өкінішке өзегін көбірек алдыра ма?
– Жоқ, мұндай ой-қиялдар кейде бой көрсетіп қалатын болса да, оның порымы мен парасында анау айтқандай аласапыран шамырқаныс бола қоймайды. Әлбетте, өзгелер үшін жанұшырып жауап бере алмаймын, бірақ өз кәллама тап сондай сапырылыстың қонбағанына толық қайылмын. Оның үстіне, кез келген қаламгер бұрын бөдіретінде болған нәрсенің бәрін немесе солардың денін жетпіс жасына дейін-ақ беріп қояды. Бұдан кейінгісі ышқыныс пен өлермендікке ұқсап кетеді. Оның көбі өзін өзі қайталауға ұрындырады. Ал адам жазушы болсын, басқа саланың сардары болсын мейлі, менің ойымша, олардың көпгшілігін оңашада меңдейтін, өзінің еркіне еріксіз ертіп әкететін жалғыз жарқылы – сағыныш екен. Сонау көз көрмес, көңіл көнбес алыстың жылуан жолдары жонында қалып қойған күндерге деген сағыныш, өткен күндерге деген сусамырлық. Соның ішінде бағзыдағы бал дәурен балалық шаққа, өміріңнің бастау тұсында тұратын аяулы ата-анаңа, әулеттің әулиедей әздек қарияларына деген сағыныш, беріде өзіңмен қоян-қолтық бірге жасасып, өткінші өмірдің біраз қызықты шақтарын бірге бөліскен адал достар мен жарамды жолдас-жораларға деген қимастық сезім көңіліңнің айдынын әркез сілкіп өтіп тұрады. Өйткені бұларды бәрінен осы кезге шекті жылжыған жылдардың жотасында әртүрлі жағдайларда көз жазып қалғансың.
Осы жерде қазақтың ғажайып ақыны Төлеген Айбергеновтің өзі секілді тағы бір дара дарын иесі Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» деген циклында:
«Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген, қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын», – деп төгіп өтетіні бар ғой. Сол айтқандай, біздің де «ғұлама жылдар парағын судырлатып» жапқан кезінде оның беттерінде қалып кеткен әсем әуендеріміз бен сазды сырларымыз аз емес. Солар ара-тұра мазалап тұрады. Сондықтан да Төлеген шайыр: «Сүйем мен сені, сүйем мен сені көкірегі ыстық дүние, Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан!» деп, бәріміз үшін де ағынан ақтарылып кеткен сияқты.
– Ендеше, Бейсекем, әңгімемізді сол сағыныштың ауылынан бастасақ. Айталық, өткен, 2025 жылы біз білетін бұрынғы «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толуы республика көлемінде аталып өтті. Осы шара аясында атқарылған жұмыстардың ерекше есте қалғандары қандай?
– Иә, былтыр «Ұланның» жарыққа шыққанына 95 жыл толуына орай бірқатар мерекелік шаралар шарықтады. Балалар басылымының тарихы, қазіргі тыныс-тіршілігі сараланып, болашаққа деген бағдары айқындалды. Сол шараның шырайында жеткіншек тәрбиесіне қалам тартқан журналистер мен жазушылар бас қосып, «Ұланның» қабырғасында өткізген бақытты күндерін сағынышпен еске алды. Осы бір салтанатты сәтте менің есіме сонау 1980 жылы газеттің 50 жылдығын тойлаған күндеріміз есіме оралды. Уақыт жылжып өтіп жатыр. Халық даналығы: «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Рас, жаңа ұрпақ, жаңа бағытта қалам тербейтін журналистер өмірге келді. Ал еркіндік әлеміне талпынған оқырман – бала көңіл, ерте жетілген ұрпақты айтсаңызшы! Олар бізден қол созым жерде емес, қиял көкжиегінде шарықтап жүргендей. Жетіп көр!
– Сіз журналистика факультетіне мектеп бітірген бойда түскен «бақытты» абитуриенттердің бірісіз ғой. Оқуға қалай түскеніңіз әлі жадыңызда жаңғырып тұрған шығар?
– Әрине. Бірден айтып қояйын, маған да оқуға түсу оңай бола салған жоқ. Бірақ артынша жолым тез ашыла кетті. Журналистика факультетінің сол кездегі деканы, профессор Тауман Амандосовтың арқасында. Мектепті жаңа бітіріп келген көкөрім бозбаламын. Емтихандарды тапсырып болғанымызда, әдеттегі 25 баланың орнына 50 студент қабылданатыны жөнінде шешім шықты. Әупірімдеп емтихандардан сүрінбей өткендер, өндірістік өтілі барлар түгел қабылданды. Араларындағы «сары ауыз балапан» – мен тізімге ілінбей қалдым. Өкініш оты өңменімнен өтіп, өзегімді өксік кернеп, құжаттарымды қайтарып алмақ болып, деканатқа бардым. Тауман аға мені сол бойда қолымнан жетектеп, аудиторияға алып кірді.
«Мен 50 студент қабылдадым. Бірінші семестрден соң бес-алтауың оқудан шығып қаласыңдар. Арақ ішіп, не төбелесіп, үлгере алмай. Ал мен 50 маманды бітіртіп шығаруым керек! Мына бала сендермен оқитын болады, талапкер боп қабылданды», деді декан. Міне, мен осылай студент атандым. Осы оқиға менің журналист, кейін жазушы болып қалыптасуыма жасалған ең алғашқы сәтті, қуанышты қадам еді.
Университет қабырғасындағы бес жыл білімге, өмірге деген құштарлықпен өтті. Қатарымыз кейде азайып, сырттан оқитын бөлім студенттерімен толықтырылып, әупірімдеп, Тауман Салықбайұлының қауіп қылғанындай 50 студент түгел емес, 43 түлек қана бітірдік. Соңғы 3-4 жылда сол «қырық үштің» санатындағы Көпен Әмірбек, Күләш Ахметова және Мариям Танашқызы мәңгілік сапарға аттанды. Қазір он алты курстас қалыппыз.
Журналистикадағы ұстаздарым – Фариза Оңғарсынова, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижанов. Жезқазған облыстық газетінде мамандықтың қыр-сырына баулып, қадамымды нық бастырған – Болат Бабақов. Ал бала кезімдегі ең алғаш, қолыма қалам ұстауға жетелеген ұстазым Үміт Абдуллаева апай еді. Аудандық газетке жолдаған мақала, өлеңдеріме пікір айтып, сәт сапар тілеген Исраил Сапарбай мен Бекшүкір Қаршалов болды.
– Біздің білуімізше, сіздің жаңа басталған журналистік жолыңыз кенет күтпеген жерден балалар әлеміне ауысып кетті ғой.
– Оның да рас. Мен балалар газетіне ойламаған жерден келдім. 1973 жылы университетті бітірісімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің жолдамасымен жаңадан шаңырақ көтерген Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде еңбек жолымды бастадым. Екі жылдан соң өзім туып-өскен бұрынғы Киров, қазіргі Жетісай аудандық газетінде еңбек еттім. 1976 жылдың 25 маусымында Алматыға келдім. Газет-журналдарда бос орын жоқ. Тек «Қазақстан пионері» газетінде бір саңылау көрінді. Редакторы Фариза Оңғарсынова іссапарда екен де, газеттің жауапты хатшысы, жаны жайсаң жігіт Бейбіт Қойшыбаев ескі досындай қабылдады. Бірінші кездескен адамын осыншама мейіріммен қарсы алғанына таң қалдым. Сөзінен аңғарғаным, Қапшағай қаласының маңындағы әскери полигонда пионерлердің республикалық «Жас қыран» әскери-спорттық ойындарының финалы өтіп жатыр екен. Соған баратын ешкімнің реті келмей, маған қолқа салды. Бұрын-соңды балаларға арнап мақала жазып көрмегенмін. «Нар тәуекел» деп, келісуге тура келді.
«Мына жігіт – Рахымбай Ханалиев, біздің фототілшіміз. Екеуің бірге барасыңдар. Жөн-жобаны түсіндіреді», деді жауапты хатшы. Сосын Рахаңның моторолеріне мінгесіп, Қапшағайға тарттық та кеттік. Құпиясы мол, қызыққа толы балалар журналистикасының есігін осылай аштым.
Рахаң екеуміз дайындаған материалдар топтамасы газеттің келесі номеріне бір бет болып шықты. Ертеңіне Фариза апай келіп, менің жазған материалымды оқып, енді қолжазбамды сұратып жатыр екен. Ойы – өзіне бейтаныс журналистің жазған мақаласына сын көзбен қарап, салыстырып көру. «Біреу-міреу жазып берген жоқ па?» деген күдік те болған сияқты.
«Сен туралы апайға айттық. Факең: «Мұндай балалар журналисін танымаймын» деп жатыр, – деді бөлім меңгерушісі Сайлаубай Жұбатыров. – Қазір редакторге кіресің. Бастықтың сөзін бөліп, қарсы шықпа. Бізде босаған бір орынға жарты ставкадан екі адамды қабылдап, жарыстырып, жарты жылдан кейін таланттысын қабылдайтын үрдіс бар. Абайла, апайдың мінезі шатақ. Қарсы сөз қайтарғандардың «жотасын тіліп, тұз құйып» жіберетін әдеті бар».
Бір кезде редактор шақырып, бөлмесіне кірдім. Иә, шынында да Фариза апайдың жүзі суықтау екен. Жақтырмағандай сыңай танытып, салқындау қарсы алды. «Сүлейменов деген балалар журналисін естіген жоқпын», деді ол бетіме көзінің астымен барлай қарай отырып салған жерден.
Мұндай қатқыл сұрақты күткен жоқ едім. Жігіттердің ескерткені есімде, барынша шыдап бақтым. Облыстық, аудандық газеттерде жұмыс істегенімді, балалар тақырыбына мақала жазбасам да, оларды жақсы көретінімді айтып, сандырақтап жатырмын.
«Сені жарты ставкаға қабылдаймын», деді редактор қатқыл үнмен.
Жігіттердің «апайға қарсы шықпа» дегені есімнен шығып кетпесі бар ма, «Мен жарты ставкаға істемеймін», дедім бірден. Әшейінде «қой аузынан шөп алмайтын» сабырлы мінезіме жан бітіп, батылдық пайда болғанын өзім де аңғармай қалдым. Факең жақында ғана еркінсіп, мінез көрсеткісі келген бір топ журналисті бір күнде жұмыстан шығарып жіберген екен. Бұл оқиғаны естіген жұрт көпке дейін есеңгіреп жүріпті.
Негізі, апай менен мұндай жауап күтпеген еді. Сол бойда бұлқан-талқан болып ашуланды. Сұрғылт тартқан кірпі инесіндей тікірейген шаштары міне, міне, маған жебедей атылуға дайын тұрғандай көрінді. Мінезі қатал редакторға қарсы сөз қайтарып нем бар-ды. «Өзіме де обал жоқ! Жұмыссыз, сеңше соғысып жүрген журналистер қаншама десеңізші!». Осы ойлар сол заматта санамды осқылап өтті.
Кенет. О, тоба! Жаңа ғана жауатын бұлттай түнеріп, найзағайдай жарқ-жұрқ етіп отырған Фариза апай маған үнсіз тағы бір рет тіктеп қарады да, арызыма қол қойып берді.
Редактордың бөлмесінен шықсам, бір топ болашақ әріптестерім сыртта тағатсыздана күтіп тұр екен. Олар қолымдағы арызымды оқып, Фариза апайдың маған мейірімділік танытып, толыққанды қызметкер етіп қабылдағанына аң-таң. Кейін ойлап қарасам, редакцияда кілең талантты, ақын-жазушы қыз-жігіттер жұмыс істейді екен. Бірінен бірі өтеді. Күләш Ахметова, Сайлаубай Жұбатыров, Мәди Айымбетов, Мереке Құлкенов, кейінірек осы топқа Тынышбай Рахимов, Дәуітәлі Стамбеков, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханов, Болат Қанатбаев, Алпысбай Шымырбаев қосылды… Ал Фариза Оңғарсынова менен бала жанын түсінетін тәп-тәуір журналист, балалар жазушысы шығатынын сол кезде сезген секілді.
– Не дегенде де, тегін әрекет болмады-ау…
– Өзім де солай ойлаймын. Мүмкін, осы оқиғалар балалар журналисі, одан соң балалар жазушысы болып қалыптасуыма себепші болған, «аспаннан аян беріп» түскен белгі шығар…
Осы орайда менің ойыма мына бір оқиға орала береді. Өзіңнің де есіңде шығар, үшінші сыныпта оқып жүргенде оқушыларды пионер қатарына қабылдайтын дәстүр бар-тын. Біз де солай бір жолы мектептің алдында сап түзеп, дүйім жұрттың алдында «Пионерлер антын» қабылдап жатырмыз. Анттың орта тұсына келгенде, сөзін ұмытып қалмасым бар ма? Ұялғаным-ай! Содан бірден «қарақұлақ» болып шығып, мені пионер қатарына қабылдамай тастады. Өзге балалардың бәрінің мойнына алқызыл галстук байланды. Намыстан өртеніп, жерге кіріп кете жаздадым… Әйтеуір жарты жылдан соң қайта қабылдандым ғой.
Қазір ойлап отырсам, сол оқиғаның өзі тегіннен-тегін орын алмаған екен. Тағдыр мені ақыры күндердің бір күнінде пионерия әлеміне алып келді. Санамда баяғы алқызыл галстук оқиғасы сақталып қалыпты. Сөйтіп, республика балаларының қара шаңырағы – «Қазақстан пионерінде» бір мүшел жас еңбек еттім. Қатардағы тілшіден бас редакторлық лауазымға дейінгі қызығы да, қиыншылығы да жетерлік жолдың жонынан жүріп өттім. Оған қоса, осы жылдары В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық пионер ұйымы республикалық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, бюро мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарды қоса атқардым. Еліміздің балалары өміріне белсене араластым. Бұл оқиға кездейсоқтық па? Жоқ әлде тағдыр ма?.. Ал шешуін ойлап көр!
– Жалпы журналист, қаламгер болуға деген тілек, ниет, арман көкірегіңізде қай кезде бүршік жарып еді?
– Шамасы, жоғары сыныптарға барған кезде сондай бір құштарлық па, әуестік пе, қызығушылық па, пайда болған сияқты. Әлі есімде, алғашқы мақалам аудандық «Коммунистiк еңбек» газетiне 8-сыныпта оқып жүргенiмде жарық көрдi. «Ренжіп жүрмесін» деп, бiрге оқитын қыз-жiгiттердiң аты-жөнiн түгел тiздім. Еңбек даласынан берілген хабар еді ол. Сол дәуірде мектеп оқушыларын сабақтан тыс уақытта шаруашылықтың жиын-терім жұмыстарына салатын тәртіп бар еді. Біз де солай совхоздың мақталық алқабында «ақ алтын» теріп жүргенбіз. Соның жайын суреттейтін мақала жазып, күнiне 70-80 келiден мақта теретiнiмiздi мақтана атап көрсеттім.
Ертеңiне мектеп директоры барлық сыныптастарымды қатар тұрғызып қойып, жасаған жұмыстарымызды талдай бастады. Орташа есеппен әрқайсымыз күнiне 30 келiден мақта терiппiз. Кейбiр достарым айына оншақты күндеп жұмысқа келмеген.
Сол кезде алқапқа ойламаған жерден өзімнің әкем – совхоз директоры Жолдасбек Сүлейменов келе қалды. «Бұл батырлар не қылып тұр, мақта термей?» дедi әкем. «Жолдеке, Бейсенбайдың аудандық газетке мақаласы шығыпты, соны талқылап жатырмыз», дедi мектеп директоры.
«Сонда не дейдi?». – «Күнiне 110-120 келiден мақта теремiз деп уәде беріпті, Жолдеке». – «А… онда оншақты күнде жоспарды орындайды екенбiз ғой», дедi әкем.
Мен кiрерге тесiк таппадым. Бетім ду ете қалды. «Мақала жазып нем бар едi». Бірінші келген ой осы болды. Достарымда үн жоқ. Алайда тiс жарып, ешқайсысы ренiш бiлдiрмедi. Дегенмен, бiр бiлетiнiм, сол күннен бастап, бiздiң сыныптың оқушылары еңбек етуден алдарына жан салмады.
Кейін мектеп бітіргесін журналистікті қалағаныма әкем қарсы болмады. Содан Алматыға келіп, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Емтихан басталуына үш күн қалғанда, ауылдан әкем келіп: «Балам, талантың тас жарып бара жатса, жерде қалмассың. Мал дәрігерлік институтты бітіріп-ақ Шыңғыс Айтматов қандай жазушы болды! Олжас Сүлейменов те тау-кен институтын бітірген. Ал жырақта, Дон жағалауында жатып-ақ Михаил Шолохов әлемді аузына қаратқан жоқ па? Қарапайым журналист болсаң, қарның ашып қалады. Менің ақылымды тыңдасаң, тарих факультетіне түс. Ең болмаса, партия қызметінде жүресің» деді. Төбемнен жай түскендей болды. Әкеге қарсы келу қайда! Мен түгілі, өзі жетекшілік ететін совхоздың мамандарын бір шыбықпен айдайды. Сөйтіп, құжаттарымды қайтарып алдым. Содан мазасыз күндер басталды… Ал әкем ауылға қайтысымен, құжаттарымды қайтып әкеп өткіздім. Оны, әрине, үй ішіне айтқан жоқпын.
Рас, кейде, қарным ашқан кезде әке өсиетін есіме алып қоямын…
Алғашқы емтихан күнгі әбігерге түскенім әлі есімде. Балалық та шығар, асығып жүріп, паспортымды пәтерде ұмытып кетіппін. Емтиханға кіргізбей қойды. Сосын үйге барып, алып келуге тура келді. Жүгіріп, сыртқа шықтым. Көлік тоқтай қойсайшы! Жұрттың бәрі таңертеңгі жұмысына асығып барады. Оның үстіне, көлік дегенің де бірен-саран. Менің шыдамым жетпей, жолдың арғы бетіне, қарсы бағытқа өттім.
Бір кезде үш доңғалақты мотоцикл келіп, бағдаршамға тоқтады. Жүгіріп барып, артқы орындығына отырып алдым. «Ағатай, құжаттарымды үйде қалдырып кетіппін. Емтиханға кіргізбей жатыр. Кешігіп барам. Қатты өтініш! Көмектесіңізші» деймін орыс кісіге орысшалап. Мотоцикл жүргізуші де жұмысқа асығып бара жатқанын айтып, көнбейді. «Түс, түс!». Екеуміз кері бағытқа қарай зулап барамыз. «Бітті, енді келер жылға қалдым. Әкеме не деймін. Ауылдағылардан да ұят» деген ой келді. Тіпті ұзап кеттік. Болар іс болды, мен де қайтпадым. Бір кезде жүргізуші аяп кетті ме, оңға бұрылып, мен айтқан мекен-жайға қарай тартты. Пәтерге кіріп, паспортымды алып шықтым. Мейірімді ағай университет маңына әкеліп түсіріп кетті. Оқуға түскеннен бетер мәзбін. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Жақсы адам екен. Берген ақшамды да алмады. Кетерінде бұрылып: «Жақсы оқы. Мықты журналист бол!» деді. Мен уәде бердім.
– Жаңылмасам, сіздің бала кезіңіз Жетісай өңірінің Өзбекстанға қарап тұрған кезінде өтті ғой.
– Иә, тура айтасың. Тарихи шындыққа жүгінсек, 1950-1960 жылдары Мырзашөл өңірінде мақта шаруашылығын дамыту деген желеумен Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданы, соның ішінде біз мекен еткен Жетісай, Мақтаарал, Киров өңірлері Өзбек КСР-інің Сырдария облысының құрамына беріліп кеткен еді. Жетісай ауданы Өзбекстан құрамында 1964 жылы сәуірде ресми түрде құрылды.
Бір оқиғаны айта кетейін. Менің әкем басқаратын «Мақталы» совхозы Сырдария облысындағы ең озат шаруашылықтардың бірі болатын. Әкемнің де дүркіреп тұрған кезі. Сол уақта Ленин орденімен марапатталған. Бір жолы совхоздың жұмыстарымен танысу үшін біздің ауылға Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидовтің өзі келетін болды. Аудан басшылары аяқ астынан шала бүлінді. Қадірлі қонақ біздің үйде түстенетін болып шешіліпті. Бірақ бір кезде дайындалған ас қазан-ошағымен дала қосына әкетілді. Үйде тіске басатын бауырсақ та қалдырылмады. Біраздан соң сау етіп, мемлекет басшысының қара «Чайкасы» нөкерлерімен есіктің алдына келіп тоқтады. Мен далаға жүгіріп шықтым. Сөйтсем, өзім күнде теледидардан көретін Шараф ака Рашидов көлігінен түсіп жатыр екен. Айналасы тола адамдар. Қастарына келіп амандастым. Барлығы аң-таң. Үйдің алдында менен басқа жан жоқ. Кәтта мейман менің қолымды ұстап тұрып, есімімді сұрады. Даусы да жұмсақ, жүзі де мейірімді көрінді. Мен әкемнің үлкен тас жолдан оңға, үшінші бөлімшеге бұрылатын дала қосында күтіп жатқанын айттым. Олар сосын бірден көліктеріне мініп, солай қарай тартты. Кездесетін жер табан астынан өзгертілгендіктен, жол бастаушы түсінбей қалыпты.
Әкем мені Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларына жиі алып баратын. Онысы «ел араласын, жер көрсін» дегені болса керек. Сондай кездердің бірінде, әкем демалыстан оралып, оны Мәскеу – Ташкент пойызынан күтіп алу үшін Ташкент вокзалына бардық. Пойыз 12 сағатқа кешігіп келді. Темір жол перрорында алаңдаумен жүрдік. Бір кезде пойыз да келді-ау. Әкеммен бірге екі өзбек әйелі түсті. Оларды ешкім қарсы алған жоқ. Содан әлгі екеуі күбірлеп сөйлесіп, мазасыздана бастады. Сол кезде әкем оларға өз көлігімен жеткізіп тастайтынын айтты. Сөйтіп, екі апайды мінгізіп, ескі Ташкенттің көшелерімен ұзақ жүрдік. Айдаушы көкем де бір кезде сасқалақтап, жол ережесін бұзып алған, сол бойда бізді ГАИ тоқтата қойды. Сонда әлгі әйелдің біреуі сыртқа шықты. Сол-ақ екен, гаишник оған шалт сәлем беріп, кешірім сұрады. Сөйтіп, қайта д\жүріп кеттік. Бір уақта біз екі қонақты үлкен қорғанның алдына апарып түсірдік. Олар есіктің алдында паранже жамылған екі кемпірмен көрісіп, мәре-сәре болды да қалды. «Адасып кетпейсіңдер ме?» деді бізге олардың бірі. «Жоқ, қайтар жолды табамыз» деді айдаушы. Сөйтсек, мәссаған, әлгі апайымыз Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің Райысы Ядгар Садыққызы Насреддинова ханым болып шықты.
Тағы бір хикая, 1966 жылдың 26 сәуірінде Ташкентте қатты жер сілкінді. Неге екенін білмеймін, әкем мені сол күні Өзбекстан астанасына алып барды. Бауырлас халыққа көмек ретінде өзімізбен бірге бір машина ауқат ала келдік. Айнала жаппай қираған үйлер. Зілзала қасіреті, теңселген халық. Тас көшелердің қақ ортасына тігілген шатырлар… Осы бір қайғылы көрініс есіме түскен сайын әлі күнге дейін төбе шашым тік тұрады.
Мұндай күлтелі кездесулер, жүрек тебірентерлік көріністер қаншама! Мені ерте есейткен де, ең негізгісі – үлкен журналистикаға жетелеген, жазушылыққа итермелеген де осы оқиғалар шығар. Оның ең басты себепкері, әрине, асыл да ардақты әкем. Ол кісінің маған деген қамқорлығы болса керек.
Ал мына оқиғаның мен үшін шоқтығы жүдә биік. Өзбекстанға өткен, өзбек теледидарын көрген, күндіз-түні өзбек әуенін тыңдаған кезең. Сол жылы Сырдария облысы мемлекетке мақта тапсыру жоспарын орындай алмай, 31 желтоқсанға дейін жер тырмалады. Қардың астында қалған-құтқан, шашылған «ақ алтынды» жинап, әбігерге түстік. «Мақталы» совхозы облыста алғашқылардың бірі болып, жоспарын 161 пайызға орындаған. Сонда танапты кезіп жүрміз. Сол кезде халықтың әбден қалжырағанын түсінген әкем мақталық алқаптың жерін айдатып жібереді. Оны білген облыс, аудан басшылары комиссия жібертіп, тексерумен болады. «Жоспар артығымен орындалды. Алқапта теретін мақта қалған жоқ. Ендігі жылғы науқанға дайындалып жатырмыз» деп жауап береді әкем. Тиісетін себеп жоқ. Жоспар орындалған. Сонда да, комиссия мүшелері айдалған жерді қайта қазып, астында қалған қозапаяларды тексерумен болды. Ешқандай айғақ таппады. Бірақ жоғары жақтың тапсырмасы сол, тіміскілеу керек. Әкем олардың бұл әрекетіне ерегісіп, егістік алқаптарды суарып жібереді. Сол кездерде, Мырзашөл өңірінде халық билікке наразы болып, Қазақстанға қайта өту мәселесі қозғалып жатқан кез-тін. Кейбір жандайшап намыссыздар халық арасында іріткі салып, «Өзбекстанда қаламыз. Жағдайымыз жақсы» деген арыздар ұйымдастырып жүрді. Осы «науқанның» басы-қасындағылар облыс, кейбір аудандар басшыларының өздері еді. Олардың құйтырқы әрекеттерін әкем жақсы білетін. Күнара облыстық партия комитетіне жиналысқа шақырумен болды. Сондай күндердің бірінде, облыстағы жиналысқа әкем бармай қалып, орнына совхоз партия ұйымының хатшысын жібереді. Сол-ақ екен, оның басқан ізін, айтқан сөзін аңдып отырған жәдігөйлер облыстың бірінші басшысына шағым түсіреді. «Біз жоспарды орындай алмай, күндіз-түні қапылып жүргенде, кейбір совхоз директорлары жоспарларын орындағанын тойлап жатыр. Соның бірі – Жолдасбек Сүлейменов» дейді. Облыстың бірінші хатшысы осыны күтіп отырғандай бірден ақкөз ашуға басып, әкемді сыртынан жерден алып, жерге салады. Оны естіген Жөкең шарт кетеді де, артық сөзге келместен: «Олай болса, бұлдап отырған қызметтеріңді ала қойыңдар. Мен енді Қазақстанға, «Көксарайға» көшемін» деп, өз еркімен жұмыстан шығуға арыз жазып береді. Бірақ облыс басшылары екіге дайға бөлініп, жұмыстан босатқанмен, көшуге рұқсат бермейді. Олар онсыз да дүрліккен халықтың Қазақстанға көшуінен қорықса керек.
– Әйткенмен, Мырзашөл өңірін Қазақстанға қайтару оңайға соққан жоқ. Оны жұртқа әлі тағы бірқатар жылдар күтуге тура келді.
– Бұл да тура. Дегенмен осы жолда астыртын күрес жүріп жатты. Осы тайталаста Қазақстанның сол кездегі басшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың асығы ақыры алшысынан түсті. Шынтуайттап келгенде, Дінмұхаммед ақсақалдың Одақ басшысы Леонид Брежневпен жақсы қарым-қатынасы көп рөл атқарып кеткен сияқты. Болмаса, бұл жерлердің, Шыршық пен Бостандық аудандары сияқты, мүлде қайтпай қалулары да әбден ықтимал еді. Соның өзінде біздің Жетісай өңірінің де бірқатар елді мекендері өзбек жағында қалып қойды. Мырзашөлдің Нұрата, Жизақ жақтарындағы жерлеріміз, Тамды мен Кенимех аудандары қайта оралғандар тізімінен табылмады. Әйткенмен, сең сөгілді, Жетісайдың қалың елі өзінің туған отанына қайтып оралды. Иә, Дінмұхамед Ахметұлының тікелей күш салуы мен келіссөздерінің нәтижесінде, 1971 жылы 28 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен бұл жерлер – Жетісай, Мақтаарал, Киров аудандары – Қазақ КСР-інің Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысына қайта қосылған еді. Ал біз тұрған аудан ол кезде Киров атында болатын. Ол 1996 жылға дейін осы атауымен келді де, Асықата болып өзгертілді, ал 1997 жылы Мақтаарал ауданының құрамына енді.
Сұхбатты жүргізуші Серік ПІРНАЗАР
(Жалғасы бар)
USD




