ҚЫЗЫЛОРДА. 28 тамыз. Сыр бойындағы бас қалада тағы бір инновациялық шығармашылық орталығының бой көтергелі жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жайын Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев облыс мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде айтты.
«Балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізу және жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау мақсатында Қызылорда қаласының Әл-Фараби шағын ауданында 7 миллиард теңгеге 360 орындық инновациялық шығармашылық орталығының құрылысы биыл басталып, 2027 жылы пайдалануға беріледі», – деді аймақ басшысы.
Бұған дейін мұндай орталық «Сыр жұлдыздары» деген атпен қаланың басқа шағын ауданында ашылып, жеткіншектердің бос уақытын өткізетін қосымша білім беру ұйымына айналған еді. Енді сондай мекен Қызылорданың тағы бір шағын ауданында бой көтермек.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірде білім беру инфрақұрылымы жаңғыруда. 2022 жылдан бері 121 млрд теңгеден астам қаржыға 46 заманауи білім беру нысаны салынып, ел игілігіне табыс етілді.
Аймақта көп жылдан бері өзекті болған үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді. Биыл «AI-Kerim» балалар білім беру-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Орталық жыл сайын 8 400 баланы қамтып, робототехника, бағдарламалау, инженерлік жобалау және басқа да заманауи дағдыларды үйретуде.
«Жаңадан ашылған Ботаникалық білім беру орталығында оқушылар биология, экология және ботаника бағыттарын тәжірибе жүзінде меңгеруде. Балалардың ғылымға қызығушылығын арттыруда осындай жобалардың маңызы ерекше», – делінген хабарламада.
USD




