УАШИНГТОН. 22 мамыр. АҚШ президенті Дональд Трамп Польшаға 5 мың америкалық әскерден тұратын қосымша контингент жіберілгенін мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Пентагонның Польшаға 4000 сарбаз жіберуді тоқтату жөніндегі шешімінен бір апта өткен соң, Трамп поляк еліне 5000 қосымша әскер аттандырылғанын атап өтті», – деп жазды «Неміс толқыны» (DW»).
Ақ үйдің қожайыны мұны поляк президентімен арадағы қарым-қатынасының өте жақсы екенімен түсіндірді. Бұған тағы досы Карол Навроцкийдің сайлау қорытындысында жеңіске жеткені себепкер болғанын да айтты.
Ел Ресейдің эксклавы – Калининград облысымен ортақ шекараға ие болып отыр. «Мен өзім қуана қолдаған Польшаның қазіргі президенті Карол Навроцкийдің сәтті сайлауына, сондай-ақ онымен қарым-қатынасымызға байланысты мен Құрама Штаттардың Польшаға қосымша 5000 әскер жіберетінін шаттана хабарлаймын», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.
Трамп бұған дейін Германия канцлері Фридрих Мерцпен арадағы өзара келіспеушілікке байланысты Дойчландтан 5 мыңға жуық әскери қызметкерді шығарғысы келетінін айтқан-тын. Бұл жағдайда Американың Еуропадағы контингенті саны Ресейдің Украинаға толық басып кіруі басталғанға дейінгі деңгейіне оралады.
«Алайда, бұл әскерлерді Польшаға көшіруге болады», деді сол кезде Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш. Ол Варшаваның америкалық сарбаздарды көбірек қабылдауға дайын екенін және Құрама Штаттардың қатысуы күшеюі НАТО-ның шығыс қапталын да нығайтатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта Польшада ротациялық негізде 10 мыңнан астам америкалық әскер бар.
USD




