ҚЫЗЫЛОРДА. 16 мамыр. Бүгін Қызылорда қаласында бір мезгілде 600 отбасы баспаналы болып, жаңа пәтерлер кілттеріне қол жеткізді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Парламент депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, сондай-ақ жергілікті мәслихаттар депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты. Шара барысында қаланың сол жағалауынан бой көтерген 10 тұрғын үй кешенінің 600 пәтері өз иелеріне тапсырылды.

Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауы – кейінгі жылдары ерекше қарқынмен дамыған аумақ. Мұнда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй саны жыл өткен сайын артып келеді. Осы аумақта заманауи урбанистикалық шешімдер негізінде жайлы әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптасып үлгерді.
Бүгінде сол жағалауда 169 нысан бар, бұдан бөлек, 136 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 әлеуметтік және 13 бизнес нысаны іске қосылды.
Қазіргі уақытта мұнда 47 құрылыс салынып жатыр. Оның 25-і –көп қабатты тұрғын үй, 20-сы – кәсіпкерлік нысан, бұған қоса, бір аурухана мен бір емхана бар. Тұрғындардың қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында Иса Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа автомобиль көпірін салу жоспарланған.
Жаңа шағын аудан тұрғындарының саны қазір 25 мыңнан асты, мектеп, балабақша, сауда орындары халық сұранысына сай қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлік үздіксіз қатынайды. Бүгін кілті тапсырылған жаңа үйлердің тұрғындары да сол жағалаулықтар қатарын толықтырды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аймақ басшысы кейінгі жылдардағы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деген болатын. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге жалпы аумағы 33 мың шаршы метрден асатын 600 пәтердің кілтін табыстап отырмыз. – деді Мұрат Ергешбаев. – Тұрғын үй кешенінің аумағында екі футбол, төрт спорт және ойын алаңы, тынығу аймағы, 250 орындық автотұрақ және үш коммерциялық нысан орналасқан. Алдағы уақытта да шаһар келбетіне сән беретін заманауи тұрғын үйлер бой көтереді».
Облыс әкімі меншікті баспананың тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі болатынын атап өтіп, жаңа пәтерлердің кілттерін алып отырған қала тұрғындарына қоныстардың құтты болуын тіледі.
Мұрат Нәлқожаұлы өз сөзінде бұл жобалардың аймақтағы құрылыс саласының әлеуетіне, құрылысшылардың кәсіби деңгейіне оң ықпал еткенін жеткізді.
Қызылордадағы тұрғын үй құрылысының қарқынын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен де, ай сайынғы осындай рәсімдер мен қоныстойлардан да байқауға болады. Бұл тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстарының бір жүйеге түскенін көрсетеді. Биылдың өзінде тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 2400 пәтер тапсыру үшін бюджеттен 55 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов сөз сөйлеп, ел ағасы Имамадин Оңғарбаев бата берді. Тұрғын үйді сапалы етіп салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

USD



