Британиядағы ең көп балалы әйел 22-ші перзентін туды
ЛОНДОН. 7 сәуір. Ұлыбританиядағы ең көп балалы ана – 45 жастағы Сью Редфорд 22-ші перзентін өмірге әкелді. Бұл туралы The Sun хабарлады.
Басылым жазғандай, ол бұрын 20-шы нәрестесінен кейін бала тууды қоятынын айтып жүреді екен. Бірақ сөзінде тұра алмапты.
Соңғы ретінде әйелдің толғағы ауыр болып, он сағатқа созылыпты. Ақырында өмірге кезекті қызы келіпті. Ал оның бұған дейінгі толғағы бар-жоғы 12 минутқа ғана созылып, өзіндік рекордын жасаған көрінеді. Сол жолы да қыз бала туыпты, оған Бонни Рэй деген есім беріліпті.
Ланкашир графтығының Моркам деген шағын қаласында 49 жастағы наубайшы күйеуі Ноэльмен бірге тұратын Сью Редфорд осы жолы коронавирус салдарынан перзентханаға баруға жүрексініпті. Алайда, бәрі қайырлы болып шығыпты.
Әзірге отбасы мүшелері жаңа туған шақалаққа ат қоя қоймапты. Мұндайды олар әбден ақылдасып барып, бірге шешеді екен.
«Ойлануға әлі уақыт бар. Біз қазір өзін өзі оқшаулау режимінді отырғасын, бәрібір баланы тіркеуден өткізудің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан түсіп отырған бірнеше вариантты әбден ой елегінен өткізіп барып таңдаймыз», – дейді Сьюдің өзі.
Сью Редфорд бірінші баласын 14 жасында туыпты. Қазір Сью мен Ноэльдің үлкен ұлы Кристофердің жасы 30-ға келіп қалды, оның өзінің екі баласы бар. Ал үлкен қыздары, 26 жастағы Софья үш сәби өсіріп отыр.