Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

Қызылордада жаңа драма театры мен кітапхана бой көтереді

ҚЫЗЫЛОРДА. 3 ақпан. Сыр бойындағы бас қалада драма театры мен орталық кітапхананың жаңа ғимараты салынғалы жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынатын кітапхана мен драма театрдың құрылыс алаңына барды», – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында облыс орталығында жаңа драма театр және тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ғимараттарын салу керектігі жөнінде ой тастаған болатын.

«Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз керек. Өткен сапарымда облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітапхана салу керек деп айттым. Енді бұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде.

Заманауи, көп функционалды кітапхана салуға инвестор есебінен 20 млрд  теңге қаралған. Бұл еліміздегі кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырмандарға қолжетімділікті арттыруға және өңірлерде ақпараттық мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған.

Жоба бойынша, ғимараттың аумағы 13 000 шаршы метр, 1 миллионнан астам кітап қорын сақтауға арналған. Жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсетеді. Каталогтар, заманауи ашық форматтағы оқу залдары, 50 адамның цифрлық ресурстармен жұмыс істеуіне қолайлы электронды бөлме қарастырылады. Инновациялық бағыттағы медиа-лаб бөлмесі мен подкаст студиясы болады. Бұл бастама – халықтың білімге, мәдениетке және заманауи ақпарат көздеріне қолжетімділігін арттыртын маңызды қадам.

Ал драма театрдың жаңа ғимаратының салынуы – қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын аймақтағы тұрақты көрермендер үшін зор қуаныш, үлкен сый. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр былтыр бір жылдың ішінде төрт бірдей халықаралық фестивальда топ жарды. Материалдық базасы барынша нығайып, мамандардың кәсіби тұрғыда жетілуіне жағдай жасалды, баспанамен қамтамасыз етілді.

Жаңа ғимарат артистердің дайындығына, түрлі сахналық көріністер мен ауқымды декорациялар құруға мүмкіндік береді, кең тынысты дыбыс жүйесі мен соңғы үлгідегі жабдықтар қойылым сапасын арттыра түседі.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button