Бастауыш сынып шәкірттерінің бағбаны

БҮГІНГІ таңда білім саласының майталмандарының біріне айналып отырған Тамара Ережепованың жүріп өткен жолы мен атқарған еңбегі кімге болса да өнеге мектебі іспеттес. Ол бүкіл саналы ғұмырының 26 жылын түгелдей ұстаздыққа арнап келеді.
Тамара апайдың мұғалім мәртеесіндегі қалтқысыз қызметі 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін басталды. Ол мұның алғашқы қадамын 1999 жылы Шиелі ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы №219 орта мектепте жасап, бастауыш сыныптарға сабақ беруге кірісті. Ал 2015 жылдан бері қарай бүлдіршіндерге білім нәрін беруді Ғ. Мұхамеджанов атындағы №270 мектепте жалғастырып келеді.
Тамара апайдың жалпы жұмыс өтілі мен ұстаздық өтілінің бірдей болуы – өз мамандығына деген адалдығы мен таңдаған жолынан айнымаған беріктігінің нышаны. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыздың даналығы Тамара апайдың болмысына өте жақын. Себебі ол әрбір баланың бойынан жақсылық іздеп, олардың бойындағы жасырын талантты ашуға бар күш-жігерін жұмсайды.
Бүгінде ол – «педагог-зерттеуші» деген биік мәртебенің иесі. Бұл атақ оның кәсіби деңгейінің заман талабына сай екенін, үнемі ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылатынын көрсетеді. Ұстаздың қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Білім министрінің «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ облыстық және аудандық білім бөлімдерінің марапаттарымен ұлықталуы – оның біліктілігінің заңды жемісі.
Алайда, Тамара апай үшін ең үлкен бақыт пен мақтаныш – оның шәкірттерінің жетістігі. «Екпей егін шықпас, үйретпей білім жұқпас» демекші, ұстаздың салған сара жолымен жүрген оқушылары бүгінде республикалық деңгейдегі «Ақбота», «Кенгуру», «Бастау» сияқты беделді интеллектуалдық олимпиадалардың шыңын бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінуде. Сонымен қатар аудандық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында оқушыларының топ жаруы – ұстаздың ғылымға деген құштарлығы мен бала жүрегіне білім шырағын жаға білу шеберлігінің айқын көрінісі.
Тамара ұстаз – өз ісінің нағыз шебері ғана емес, ол айналасына шуақ шашқан мейірімді жан, әріптестеріне үлгілі тәлімгер. Оның әрбір сабағы – өмір мектебі, әрбір сөзі – тәрбие көзі. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ұстаз берген тәлім мен оның қаламынан шыққан озық әдістемелер келер ұрпақтың жадында мәңгі сақталары анық.
Жиырма алты жыл бойы білім майданында қажымай еңбек етіп, еліміздің интеллектуалдық қорын байытуға қосқан үлесі үшін Тамара Ережепова ерекше құрметке лайық тұлға. Оның парасатты болмысы, білімге деген адалдығы мен шәкіртке деген шексіз махаббаты келешек ұрпақ үшін әрқашан шамшырақ болып қала бермек. Мұндай білікті маман барда білім мен ғылымның болашағы әрқашан жарқын, мерейі үстем болмақ.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы






