Байқоңырдағы мектеп-лицейдің материалдық базасымен танысты

БАЙҚОҢЫР. 10 қаңтар. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейдің жұмысымен және материалдық базасымен танысты. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қармақшы аудандық білім бөліміне қарасты оқу орнында сондай-ақ Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев бірге болды.
Мектеп-лицейде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен инновациялық обсерватория, ракета модельдеу, СТЭМ, химия, биология, робототехника, математика, физика, география, тарих, бастауыш сынып кабинеттері, кітапхана, арнайы телестудия 245, 6 млн теңгеге жабдықталған.
Нақтырақ айтқанда, обсерватория кабинетінде «Жұлдызды аспан» глобусы, интерактивті панель, телескопқа линзалар жинағы, күн фильтрі, бейнекамералар, планисфералар бар. Ракета модельдеу кабинеті арнайы жинақпен, ноутбуктер, шағын зертханалар, цифрлық микроскоптар, старттық құрылғылармен, СТЭМ кабинеті 3Д принтер, модельдеу жиынтықтарымен қамтамасыз етілді.
Ал физика кабинеті электр және оптика бөлімдеріне, жаратылыстану ғылымына, молекулалық физика және термодинамикалық бөлімдерге арналған демострациялық құралдармен жабдықталды. Биология кабинетіне де жиһаздар, зертханалық құралдар, цифрлық микроскоптар, микропреператтар, ылғал препараттар, адам ағзасының модельдері берілді. Химия кабинетіне зертханалық жабдықтар, химиялық препараттар, цифрлық зертхана жинағы, демонстрациялық жұмысқа арналған жиынтықтар, телестудия, арнаулы компьютер, камералар, диодтық жарық жинағы, акустикалық құралдар, телевизор алынды. АRT-студияға саз балшықты қондырғылар, сурет салуға арналған құрал-жабдықтар қойылған.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.
Айта кетейік, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
«Қазақстан халқына» қоры өңірдің әр саласына 12 млрд 851 млн теңге қаржы бөлді. Сондай-ақ, 2 млрд 700 млн теңгеге 58 мектептегі 317 пәндік кабинет жаңартылды.







