АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылордада «Достық үйінің» жаңа ғимараты пайдалануға берілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қаңтар. Бүгін Қызылордада «Достық үйінің» жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ол Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында салынды.

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Парламент депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Аян Зейнуллин, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Самұрық-Қазына Траст» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, құқық қорғау органдары мен жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететінін айтып, құттықтау сөзін жеткізді.

«Бірлік – халқымыздың тұтастығы мен ырыс-ынтымағының, үйлесімді қарым-қатынасының, татулығының көрінісі. Ел болудың бірден-бір алғышарты. Өңірімізде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Ассамблея жанында 11 этномәдени бірлестік бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, елдің бірлігін сақтау бағытында жұмыс жасауда. Береке-бірлігіміздің ұйытқысына айналып, еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына өткен жылы 30 жыл толды. Бүгінде Ассамблея халқымызды бірлікке, достыққа үндейтін жалпыұлттық келісімнің негізіне айналды. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні өздеріңізбен бірге осы жерде жаңа ғимараттың іргетасын қалаған болатынбыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сол тарихи сәт бүгін келіп жетті. Құны 3 млрд 800 млн теңге тұратын сәулетті сарай «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен қатарға тұрды.

Осыған орай облыс әкімі жаңа нысанның бой көтеруіне демеушілік жасағаны үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлына, ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Юсупов Мейіржан Бақытұлына барша Сыр жұртшылығы, өзінің атымнан шынайы алғысын, зор ризашылын білдірді.

«Жалпыұлттық тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің қайнар бұлағы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында бой көтерген, достық пен келісімнің нышанына айналатын жаңа ғимарат баршаңызға құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Салтанатты рәсімде бірлік пен келісімнің нығаюына елеулі үлес қосқан Ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты сапалы етіп салған мердігер мекеме өкілдері облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиында Марат Әзілханов, Мұрат Әбенов және Мейіржан Юсупов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, бұл – бірлік мен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктер мен ассамблея белсенділері үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген замануи ғимарат. Мұнда этномәдени бірлестіктердің, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің, Азаматтық альянс өкілдерінің де толық жабдықталған жұмыс кабинеттері  бар. Қала сәулетіне сән қосқан жаңа ғимараттағы 200 орындық концерттік, 50 орындық акт залдарында мәдени-рухани шаралар ұйымдастыруға болады. Шығармашыл жастарға арналған домбыра, ән, би үйірмелеріне, медиация орталығы, музей, Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық топтарға да жағдай жасалған.

«Достық үйі» азаматтық қоғам институттарының басын қосатын, жаңа бастамаларды ілгерілететін орталыққа айналады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button