Бүгін Қызылорда облысында карантин жарияланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 3 сәуір. Бүгін түнгі сағат 00:00-ден бері Қызылорда облысында карантин жарияланды. Бұл туралы Қызылорда облысының төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Карантин облыстық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымованың 2020 жылғы 1 сәуір күнгі №5 қаулысына сәйкес жарияланып отыр.
Аталмыш қаулыда облыста эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты 2020 жылғы 3 сәуір күні сағат 00:00-ден бастап 2020 жылғы 17 сәуір күнгі сағат 17:00-ге дейін Қызылорда облысы аумағы карантиндік режимдегі шектеуге көшірілетіндігі атап көрсетілген.
Карантин кезінде азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, медициналық заттарды және басқа да тұрғындардың өмір сүруіне ең қажетті қызмет түрлерін өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорынларының үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етуді қоспағанда, Қызылорда облысы аумағына автокөліктерге 14 тәулікке дейін кіріп-шығуға қатаң тыйым салынды.
2020 жылдың 4 сәуірі күні жергілікті сағат 08:00-ден бастап транзиттік және соңғы станциясы Қызылорда қаласы және Қызылорда облысының станциялары болып табылатын жолаушылар тасымалына арналған ьарлық теміржол байланыстарына тыйыым салынады.
Азық-түлік дүкендерінің, оның ішінде гипермаркеттердің, оптомаркеттердің, супермаркеттердің, минимаркеттердің, азық-түлік сөрелерінің, дәріханалардың және бірінші кезектегі ең қажетті тауарлар саудасының жұмысына күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен сағат 09:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін рұқсат етіледі.
Ішкі қоғамдық көліктің жұмысын күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен және жүргізушілер мен кассирлердің сақтық шараларын қатаң сақталуымен таңғы сағат 06:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасауларына рұқсат етіледі.
Қоғамдық моншалар мен автожуу қызметі толығымен тоқтатылады.
Қажеттілікке байланысты кәмелетке толмағандар отбасының ересек мүшелерімен бірге және ересектердің тұрғын үйлерінен шығып, 3 адамнан артық топтасып жүрулеріне кешкі сағат 21:00-ден кейін жол берілмейді.