Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Латвия үкіметі Ресейдің 841 азаматына елден кетуді міндеттеді

РИГА. 11 қазан. Латвия билігі Ресей Федерациясының 841 азаматынан 13 қазанға дейін елден кетуді талап етті. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қаралы тізімге кірген бұл азаматтар латыш елінде тұрақты тұру ережесінің жаңа талаптарын мүлтіксіз орындауға ықыласты болмады: олар Еуроодақта  тұрақты тұру мәртебесін алуға өтініш бере алмады және тіл сынағынан өтпеді.

Латвия билігі 841 ресейлік азаматқа латыш тілін меңгергенін дәлелдей алмағандықтан және міндетті қауіпсіздік тексерісінен өтпегені үшін 13 қазанға дейін елден кетуді бұйырды. Мұны 10 қазан күні Politico-ға берген сұхбатында Азаматтық және көші-қон істері басқармасының өкілі Мадара Пуке мәлімдеді.

2022 жылдан бері Латвия билігі иммиграциялық заңға түзетулер енгізу арқылы Ресей азаматтарының елде тұру талаптарын екі рет күшейтті. Осылайша, 2024 жылдан бастап Латвияда тұрақты тұруға рұқсаты бар Ресей азаматтары 2025 жылдың 30 маусымына дейін Еуроодақта тұрақты тұру мәртебесін алу үшін өтініш беруі керек болды. Бұл үшін олар латыш тілін А2 деңгейінде білетінін дәлелдеп, өмірбаяндық ақпаратты беріп, қауіпсіздік тексеруінен өтуі керек еді.

Жаңартылған талаптар 30 000 адамға қатысты. Олардың көпшілігі талаптарды орындаса, 2600-ге жуығы елден өз еркімен кеткен. Алайда 841 адам резидентураға өтініш бермеген.

Латвия билігі шілдеде 841 адам Латвиядан күзге дейін кетуі керек деп мәлімдеген. Бірақ олар осы кезге дейін латыш тілін білу жолында шыбық басын сындырмаған.

Пуке 13 қазаннан кейін бұл адамдардың елде болуы заңсыз саналып, олардың әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуі бұғатталатынын айтты. Егер олар белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз елден кете алмаса, кейіннен олар мәжбүрлі түрде депортациялануы мүмкін.

2024 жылдың басындағы жағдай бойынша Латвияның Көші-қон қызметі 1167 Ресей азаматына депортация жасау туралы хабарлама жіберген. Олардың 70 пайызға жуығы 60 жастан асқандар болды.

2024 жылдың ақпанында Латвияның Конституциялық соты латыш тілін білмегендіктен депортацияны негізді деп тауып, ресейліктердің топтық талап арызын қабылдамады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button