Полицейлер жолда көлігі бұзылған ресейлікке көмектесті (видео)

ҚЫЗЫЛОРДА. 19 тамыз. Қызылорда облысында полицейлер жолда көлігі бұзылған ресейлік азаматтарға көмектесті. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылордада тәртіп сақшылары ізгі іске араласты. Патрульдік полиция қызметкерлері көлігі бұзылған Ресей Федерациясының азаматтарына көмек көрсетті.
Оқиға Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент тас жолының бойында орын алды. Патрульдік полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында жол жиегінде тұрған ресейлік азаматтардың көлігі бұзылып қалғанын көреді.
Бұған немқұрайлы қарамаған полицейлер дереу қол ұшын созып, автокөлікті жақын маңдағы жанармай бекетіне дейін итеріп апарды. Көлікті жөндеуге көмектесіп, ресейлік азаматтардың сапарын жалғастыруына жағдай жасады.
Көмекке риза болған жүргізуші өз алғысын бейнежазба арқылы білдірді. Ол тәртіп сақшыларының адамгершілік қасиеттеріне тәнті болып, шын жүректен ризашылығын жеткізді.






