Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Мерц: Германия Украинаға Patriot жүйелерін сатып әперуге дайын

РҮМ. 10 шілде. Германия канцлері Украина үшін АҚШ-тан Patriot жүйелерін сатып алуға дайын екендерін мәлімдеді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Германия канцлері Фридрих Мерц Германияның Украинаға беру үшін АҚШ-тан Patriot зениттік-зымыран кешендерін сатып алу жоспары бар екенін растады. Ол бұл туралы 10 шілде, бейсенбі күні Италия астанасы – Рүмде Украинаны қалпына келтіруге арналған конференцияда баяндады.

«Біз АҚШ-тан қосымша Patriot жүйелерін сатып алып, оларды Украинаға беруге дайынбыз», – деді Мерц. «Өткен бейсенбіде мен бұл мәселені АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылап, одан осы жүйелерді жеткізуді сұрадым», – деді канцлер. Оның айтуынша, қазір АҚШ пен Германия қорғаныс министрлері осыған байланысты тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр, бірақ соңғы шешім әлі қабылданған жоқ.

2 шілдеде әлем бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жеткізуін ішінара тоқтатқанын хабарлаған болатын. Оның ішінде Patriot жүйесіне арналған тосқауыл зымырандар, Stinger адам тасымалдайтын әуе қорғаныс жүйелері, NASAMS әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар және F-16 жойғыштары бар.

Алайда келесі күні Дональд Трамп АҚШ-тың Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын айтты. Ол жеткізілімнің тоқтатылуын өзінің алдындағы Джо Байденнің «елде ештеңе қалдырмай кеткенімен» түсіндірді, ал енді АҚШ оқ-дәрілердің өздеріне қаншалықты жеткілікті екеніне көз жеткізіп алуы керек.

7 шілдеде Трамп АҚШ Украинаға көбірек қару-жарақ, негізінен қорғаныс қаруын беретінін мәлімдеді. АҚШ президенті Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Ақ үйде кешкі ас кезінде: «Біз мұны істеуіміз керек. Олар өздерін қорғай алатын болулары керек. Дәл қазір оларға қатты соққылар беріліп жатыр» деді.

Сондай-ақ Трамп 3 шілдеде Путинмен телефон арқылы сөйлесу нәтижелеріне көңілі толмайтынын тағы да қайталады. «Ол ақырына дейін барғысы келеді, демек, адамдарды өлтіруді жалғастырады – бұл жақсы емес», – деді АҚШ президенті.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button