Жаңалықтар жаңғырығыТаным

ОҢДАСЫНОВТЫҢ ОН ҚАҒИДАСЫ

(Бір тұтам баяндама)

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновты әр қыры­нан тұлғалайтын қабілет-қасиеттер жетерлік. Соның бәрі айналып келгенде, бірқатар тиянақты тұжырымға тіреледі. Оны біз Оңдасыновтың он қағидасы деп атадық. Сонымен, Оңдасыновтың он қағидасы…

Біріншіден, ол – мемлекеттік қызметші болудың үздік үлгісі. Оның бүкіл болмысы мемлекеттік қызметшінің бүгінгі әдеп кодексіне толық сай келеді. Өмірбаян деректеріне қарасақ, тіпті оның ұстанымы осы күні өзіміз әрең ілесіп жүрген сол әдеп кодексінің талаптарынан да анағұрлым асыңқырап кеткен секілді көрінеді бізге.

Екіншіден, ол – мемлекет қайраткері болудың өнегелі өлшемі. Саясаттың сынынан сүрінген жоқ. Биліктің буы­нан бүлінген тоқ. Топалаң жылдарда түңілген жоқ. Ұлтын ұмытпады. Жұртын жоғалтпады. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қаһарлы жылдардан аман- есен өтті.

Үшіншіден, ұлтын шексіз сүйді. Үкімет билігіндегі он­ың барлық шешімдері ұлт мүддесінен туындады. Кез-келген мәселені қазақ топырағына бір аунатып алғанды жаны қалап тұрды. Қолға алған жобаларының бәрі де өміршең болды. Ұлттық академия ұлт ғылымының бесі­гіне, Қыздар университеті ұлт ұрпағының ұясына айналды.

Төртіншіден, халықты соңынан ерте білді. Орталық билік Мойынты-Шу темір жолын салуға қаржы бермеген соң, оны халықтық құрылыс деп жариялады. Ел-жұрт Оңдасыновты бір ауыздан қолдап, жаппай жұмысқа шық­ты. Қазіргі екі астананы қосатын бұл жолдың әлі күнге дейін бір шпалы да қисаймай тұрғанын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Бесіншіден, қай кезде де қарапайымдылығынан танған жоқ. Сейіт Қасқабасов сынды жетінші кластың жұқалтаң баласы кабинетіне қалаған уақытында еркін кіріп-шыға беретін Жоғарғы Кеңес Президиуымының тегеурінді төрағасы бюрократия дегеннің не екенін білген жоқ.

Алтыншыдан, ол ұлт пен жұртқа қажетті білікті кадр­лар даярлаған ұлағатты ұстаз еді. Жастарды шетінен жауапты қызметке тарты. Бұған осыдан ширек ғасыр бұрын «Хабар» агенттігінің тапсырмасымен Нұртас Оң­да­сынов туралы деректі фильм түсірген кезімізде әбден көз жеткіздік. Халқымызға кең танымал тұлғалар Сағидолла Құбашев, Сафи Өтебаев, Рахмет Өтесінов, Ғарай Сағымбаевтар алды тоқсанға, соңы сексенге таяп қалғанына қарамастан ұстаздың алдынан жаңа ғана сабақ алып шыққан ширақ шәкірттей оның өшпес рухын өбектеді де отырды.

Жетіншіден, оның қолы да, ары да, жаны да таза болды. Тәубешілдігінен танбады. Қызметі өссе, тасымады, Қыз­меттен түссе, жасымады. Үкіметті билеп, дүниенің тұтқасын ұстап тұрса да, өте жұпыны ғұмыр кешті.

Сегізіншіден, қай істі де сапалы атқарды. Мәселен, шығыстану ғылымы үшін бағалы қазақша-парсыша және арабша-парсыша сөздіктері әлі күнге дейін бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарап тұр.

Тоғызыншыдан, ол мемлекеттік қызметшіге тиісті дрес-кодты, яғни киім үлгісін сақтаудың эталоны болды. Тіпті демалысқа шыққан соң өз үйіндегі жеке кабинетінде де қызметтік жұмыс режиміне бағынғаны, үстел басында қызметтік киім киіп отырғаны – осының дәлелі.

Оныншыдан, өзінің қателіктерін де мойындай білді. Баяғыда Мәскеуге емес Алматыға кетпегеніне, сөздік саласындағы ісін жалғайтын шәкірт дайындамағанына, ұрпақтарына қазақы тәрбие бере алмағанына өкінгені – соның айғағы.

Сонымен, Оңдасынов дегеніміз – мұнай, өндіріс, ғылым, тәрбие, тіл, тәжірибе, еңбек, сөздік және жастар…

Ендеше, оның осы он қағидасын бүгінгі мемлекеттік қызметтегілер жантайып жатып оқыса, жастанып жатып ұйықтаса дейміз де… Лайым, солай болсын!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

2024 жыл

«Шағала» жинағынан

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button