Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Украина халқының 74 пайызы Зеленськийге сенім білдіреді

КИЕВ. 14 мамыр. Украина халқының 74 пайызы Володимир Зеленськийдің президенттік қызметіне жоғары баға береді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Украиндар соғыс жағдайы біткенге дейін президент сайлауын өткізіп жіберу жайлы идеяға өздерінің қалай қарайтындарын білдірді. Мұны Халықаралық социология институты 2025 жылғы 2-12 мамыр күндері жүргізген сауалдама қорытындысы анықтады.

Сауалдамаға қатысқан украиндардың 71 пайызы қауіпсіздікке кепілдік берілген күнде де бітімгершіліктен кейін сайлау өткізуге қарсы екендерін айғақтады. Олар бұл науқан соғыс толық біткеннен кейін ғана қолға алынуы керек деп есептейді.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы наурызда жүргізілген сұрау салуда қарсы болғандар көлемі 78 пайызды құрады. Сонымен бірге, сайлау өткенін қалайтындар саны 13 пайыз болды, наурызда бұлардың қатары 9 пайыз ғана еді. Тағы 12 пайыз адам сайлауды дәл қазір, соғыс жүріп жатқан кезде өткізгенді жөн көреді.

Сауалдамаға сәйкес, Украинаның барлық өңірлерінде жұрттың басым бөлігі соғыс аяқталмай сайлау ұйымдастырғанды қолдап отырған жоқ. Ондайлардың ең көбі елдің батысында тұратындар болып шықты.

Респонденттер сондай-ақ өздерінің іс басындағы президент Володимир Зеленськийге қаншалықты сенетіндері жөніндегі сұраққа да жауап берген. Халықаралық социология институты қазіргі таңға оған украиндардың 74 пайызы толық сенетіндерін, ал 22 пайызы сене қоймайтындарын атап көрсетті. Зерттеушілер наурыз айында бұл көрсеткіштің тиісінше 69 және 28 пайыз болғанын баяндайды. Демек, сенетіндер саны 5 пайызға артып, сенбейтіндер қатары 6 пайызға азайған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button