АҚШ Мадуро жөнінде ақпар берушіге $15 млн ақы төлейді
ВАШИНГТОН. 28 наурыз. АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуро жөнінде бұлтартпас деректер жинауға көмектесушіге $15 млн көлемінде марапаттық ақы төлейтінін жариялады. Бұл туралы РБК хабарлады.
Құрама Штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка билігінің Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқынға алуға жол ашатын ақпар берген кісіге $15 мөлшерінде награда белгілеп отырғанын мәлімдеді. Хабарлама Вашингтонның сыртқы саясат ведомоствосының сайтында жарияланды.
РБК хабарлағандай, Мадуро мен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктер туралы ақпарат берушілерге награда белгілеу АҚШ әділет министрлігінің Венесуэла мемлекеті басшысы мен оның жақтастарын есірткі саудасына қатысты айыптауы жарияланғаннан кейін пайда болды. Осыған сәйкес, бұл тізімдегі басқа қатысушылар туралы ақпарға $10 млн төленеді.
«Венесуэла халқы мемлекеттік шенеуніктерді өздерін басқаруға жалдай отырып, адамдардың мұқтаждарына қызмет ететін, жұрттың сенімін алдамайтын, заңсыз есірткі айналымымен айналыспайтын ашық, әділ, салиқалы үкіметке қол жеткізуге хақылы», – делінген хабарламада.
Есірткі саудасына қатыстары бар тұлғалар ретінде айыпталып отырған тізімінде Мадуродан басқа, Конституциялық ассамблеяның төрағасы Дьосдада Кабельо, Венесуэла әскери барлауының бұрынғы басшысы Уго Карвахал, отставкадағы генерал-майор Кливер Антонио Алькале Кордонес, экономика және қаржы вице-министрі Тарек эль-Айссами бар.
АҚШ мемлекеттік департаментінің версиясы бойынша, аталған тұлғалардың бәрі Венесуэладан сыртқа есірткі шығаруға көмек көрсеткен. Олардың бақылауында Венесуэла авиабазаларынан ұшып шығатын ұшақтар, сондай-ақ теңіз порттары арықылы есірткі тасымалдаудың маршруттары болған.
Осыған байланысты АҚШ билігі бұдан бұрын-ақ Венесуэла басшылығын есірткі саудасын ұйымдастырды деп айыптаған болатын.