АҚШ сенаторы: Путин соғыс қылмыстары үшін өлімге кесілуі тиіс

УАШИНГТОН. 19 ақпан. АҚШ сенаты соғыс комитетінің төрағасы соғыстағы қылмыстары үшін Путинге өлім жазасына беру керектігін мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сенаттың қарулы күштер комитетінің төрағасы, республикашыл Роджер Уикер Ресей президенті Владимир Путинді соғыстағы қылмыстары үшін соттау керек, бәлкім, оған өлім жазасын берген де дұрыс шығар дегенді айтты.
CNN журналисі Ману Раджу сенатор Уикермен 18 ақпанда Сауд Арабиясында өткен АҚШ пен Ресей делегацияларының кездесуі жөнінде пікір алмасты. Онда екі елдің өкілдері Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылаған еді. Әңгіме барысында журналист қойған «Алдағы бітімгершілік келіссөздерінде Ресей президенті Владимир Путинге сенуге бола ма?» деген сұраққа Уикер: «Жоқ. Путин – егер өлім жазасына кесіле қоймаса да, өмірінің соңына дейін түрмеде отыруға тиісті соғыс қылмыскері» деп жауап берді.
Раджу сондай-ақ соғыс комитеті жетекшісінен Ақ үй басшысы Дональд Трамптың неге Путинді бейбітшілікті қалайды деп отырғанын сұрады. Сұраққа жауап берген Уикер бұл жерде Кремльдің тек өз мүддесін ғана көздеп отырғанын, оны бейбітшілік мәселесі қызықтырмайтынын, мұның бәрінің Путин тарапынан жасалып жатқан «[бейбіт реттеуге керекті] уақытша қадамдар ғана» екенін айтты. «Владимир Путин халықаралық құқықтың барлық нормаларын бұзды, енді оған осыған байланысты айыптар тағылып, сотқа тартылуы, түрмеге жабылуы тиіс, тіпті, бәлкім, өлім жазасына кесілуі керек те шығар», – деді саясаткер.
Өткен аптада Уикер Пентагонның жаңа басшысы Пит Хегсетті халықаралық аренаға «жаңадан келген адам» деп атаған болатын. Мүнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде Хегсет Украинаның НАТО-ға кірмеуі керек екенін және соғысқа дейінгі шекараларға оралу мәселесінің «шынайылыққа» келмейтінін мәлімдеген еді. Әлбетте. ол бұл жерде Дональд Трамптың сөзін жеткізді. «Хегсет тамаша қорғаныс министрі болады, бірақ оны бұл жұмысқа таңдап алған мен емеспін. Дегенмен, Брюссельде өзінің кейбір мәлімдемелерінен кері шегінуі арқылы ол жаңа қателіктерге ұрынып қалды», – деді Уикер Politico тілшісіге.
Сенатор Пентагон басшысының мәлімдемелері туралы айта отырып, өткен жылы Путиннен сұхбат алған журналист Такер Карлсонды сынап өтті. «Мен бұл сөзді [Хегсет үшін] кім жазғанын білмеймін – оны Такер Карлсон жазған болуы мүмкін, ал Карлсон – ақымақ адам. «Қазір Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жайында әңгіме басталмайынша, келіссөздер позициялары айтылмағанын жөн санаймын», – деді Уикер.






