Жеті жасар мұсылман-суретшінің болашағы зор
АНКАРА. 26 наурыз. Қазір Түркияның өне саласында ең көп талқыланып жатқан тақырыптарының бірі жеті жасар суретші Микаил Акардың шығармашылығы болып тұр. Бұл туралы Anadolu хабарлады.
Мамандар жеті жасар Микаилдың болашағы зор десіп отыр. Олар балғын суретшіні келешекте Пабло Пикассоның даңқына жететінін айтады.
«Кішкентай Пикассоның» талантына табынушылар оның кез келген картинасын мыңдаған долларға сатып алуға әзір. Жақында Микаил салған бір картина аукционда 12 мың долларға өтіп кетіпті.
«Мені көрмеме келген көрермендердің көптігі қуантты. Жұрттың былай назар аударуы менде мақтаныш сезімін оятады», – деді жеті жасар суретшінің өзі Anadolu агенттігінің тілшісіне берген жауабында.
Солай дей тұрғанмен, талантты баланың футболшы болғысы да бар екен.
Микаилдың анасы Эльван Акар ұлының өнердегі алғашқы қадамдары туралы айтып берді. «Микаил төртке толғанда, біз оған ерекше бір нәрсе алып бергіміз келді. Ол сурет салуды жақсы көретін еді, сондықтан туған күніне холст пен бояудың төрт жиынтығын әпердік. Сол кезде Микаилдың салған суреттеріне қараған күйеум өз көзіне өзі сенбеді. Бастапқыда ол мен салып берді деп ойлап қалыпты. Сосын біз ұлымыздың суреттерін әлеуметтік желіге салдық. Жұрттың бәрі қызығушылық танытты сонда. Көбі мұны төрт жасар баланың салғанына сенбеді», – деді ол.