Хоккейден әлем чемпионаты кейінге қалдырылды
ЛОЗАННА. 23 наурыз. Хоккейден ерлер арасындағы әлем чемпионаты кейінге қалдырылды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Чемпионат биылғы жылғы 8-24 мамыр аралығында Швейцарияның Цюрих және Лозанна қалаларында өтуге тиіс еді. Бірақ ол коронавирус пандемясына байланысты белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.
Халықаралық хоккей федерациясына (IIHF) мұндай шешім қабылдау оңайға түскен жоқ. Алайда, осылай болуы мүмкін екені біраздан бері айтылып келе жатыр еді. Осы кезге дейін Швейцарияда коронавирусты жұқтырған адамдар саны 6 мыңнан асты, ал олардың арасында 60-тан аса адам қайтыс болды. IIHF президенті Рене Фазель чемпионатты жанкүйерсіз өткізу мүмкін емес екенін айтты.
«Тіпті коронавирус қаупі сейілген күннің өзінде оны таяу уақыттарға ауыстырып қоя салу мүмкін емес. Бұл оған ҰХҚ ойыншыларының қатыса алмайтынына байланысты», – деді ол.
Чемпионатта басқа елге көшіре салудың да орайы келмейді. Себебі, оның 2025 жылға дейінгі кестесі жасалып қойылған. Мәселен, ол 2021 жылы Минск мен Ригада, 2022 жылы Хельсинки мен Тампереде, 2023 жылы Санкт-Петербургте, 2024 жылы Прага мен Остравада, 2025 жылы Швеция мен Дания қалаларында өтуге тиіс.