Абай университеті Гонконг университетімен ынтымақтастықты нығайтады
АЛМАТЫ. 17 қыркүйек. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Гонконг білім беру университетімен (EdUHK) ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр. Бұл туралы dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Оқу ордасында осы мақсатта Гонконг білім беру университеті өкілдерімен кездесу өтті. Онда «Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру» бағыты бойынша орталық ашу мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында Гонконг білім беру университетінің интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті, профессор Ло Синг Кай «Kazakh Centers of Education» жаңа жобасының құрылымымен таныстырып, әлеуетті арттыру бағдарламасы, халықаралық конференциялар ұйымдастыру және жазғы/қысқы мектептерді өткізу туралы толық мәлімет берді.
Сондай-ақ, екі университет ғалымдары арасындағы ынтымақтастық пен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, Жасанды интеллект және инклюзивті білім беру орталығының қызметі сияқты негізгі тақырыптарға ерекше назар аударылды.
Гонконг білім беру университеті пәндер бойынша университеттердің әлемдік рейтингінде (QS World University Rankings by Subjects) 20-шы орында тұрғанын атап өткен жөн, бұл осы серіктестіктің академиялық және ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл кездесу академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.