Ұлыбритания Украинаға Ресейді Storm ракетасымен атқылауға рұқсат берді
ЛОНДОН. 12 қыркүйек. Ұлыбритания билігі Украинаның алысқа атылатын Storm Shadow зымыранымен Ресейдің түкпірлеріне шабуылдауына кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы The Guardian ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәтбұғаттың хабарлауынша, Британия үкіметі мұндай шешімді негізінен қабылдап та қойған, бірақ, күтілгендей, шешім алдағы жұма күні премьер-министр Кир Стармер АҚШ президенті Джо Байденмен кездескеннен кейін жария етіледі.
Басылым сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Британия сыртқы істер министрі Дэвиж Лэммидің Киевте Украина президенті Володимир Зеленьскиймен және жақында тағайындалған сыртқы істер министрі Ондрий Сибинамен келіссөз жүргізгенін атап өтеді.
Блинкеннің айтуынша, АҚШ Украинаның майдан даласындағы ахуалға қарай өз саясатын бейімдеп тұруға «бірінші күннен» дайын болған.
«Біз соны жалғастыра береміз. Бұл жерде жағдайда ушықтырушы Путин болып отыр. Путин Иранға ракета беруімен ситуацияны шиеленістіріп жіберді. Біз қазір Ресей, Иран және Солтүстік Корея арасындағы жаңа альянсты көріп отырмыз», – деді Америка мемлекеттік хатшысы.
Британия мен Франция бірлесіп жасап шығарған Storm Shadow ракеталары 250-500 шақырым қашықтыққа ұшып бара алады. Мұндай алғашқы зымырандар Украинаға 2023 жылдың мамырында жеткізіліп берілген еді. Ресей тарапы кейін Украина Қарулы күштері оларды өзін өзі жариялаған Луганск халық республикасына соққы беруге пайдаланғанын, сондай-ақ Қырымды да соққы астына алмақшы болғанын мәлімдеді.