Қызылорда кітапханасы «Ел болашағы – білімде» атты іс-шара өткізді
ҚЫЗЫЛОРДА. 11 қыркүйек. Кеше Қызылорда қаласындағы №12 кітапханада Білім күні шеңберінде «Ел болашағы – білімде» атты «ашық есік күні» болып өтті. Бұл туралы Kyzylorda-news.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Порталдың жазуынша, аталмыш іс-шараға Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия мұғалімдері, сондай-ақ оқушылар өз ата-аналарымен бірге қатысқан.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген модератор – аға кітапханашы Манат Жұмахметова «ашық есік күнін» өткізудің негізгі мақсаты оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқырманға кітапхана қызметін таныстырып, кітап оқуға шақыруды көздейді.
«Ашық есік күніне» келген жас оқырмандар кітапханаға саяхат жасап, қазақ ақын-жазушыларының кітап көрмесі және шетел және балалар әдебиетімен танысты.
«Мені қызықтырғаны кітаптардың алуан түрлілігі. Міне бүгін кітапханаға оқырман ретінде жазылып, балалар әдебиетінен кітаптар алдым. Осы кітапхананың оқырманы болғаныма қуаныштымын», – деді Кәусар Әділхан.
«Ашық есік күнінің» нәтижесінде кітапханаға жаңадан 5 кішкентай оқырман жазылды.