Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Теннис: Синнер Фрицті жеңіп, екінші мәрте «Үлкен дулығаны» иелене ала ма?

Әлемнің бірінші ракеткасы, итальян Янник Синнер бүгін, 8 қыркүйек күні түнде Астана уақыты бойынша сағат 23:00-де жаһандық көштің 12-орнында тұрған АҚШ теннисшісі Тейлор Фрицпен Нью-Йоркте мәреге жеткелі жатқан АҚШ-тың «Үлкен дулыға» шоғырына кіретін «US Open» ашық чемпионатының финалында шайқасады.

Букмекерлер матчтың бәс коэффициентін анықтап, қарсыластардың дайындық деңгейлері мен кездесулері статистикасын жариялады.

Янник Синнер (Италия, 1) – Тейлор Фриц (АҚШ, 12). Нью-Йорк, 8 қыркүйек, сағат 23:00

Синнер

Янник биылғы маусымда екінші рет «Үлкен дулыға» шоғырына кіретін ірі турнирде күш сынасқалы тұр. Аустралияның «Australian Open» ашық  чемпионатында жеңімпаз атанған еді.

Бұл жолғы турнирде итальян теннисшісі аса көп кедергіге кезіге қойған жоқ. Ол осыған дейін небәрі екі сетте ғана қарсыластарына есе беріп қойды. Мәселен, бірінші айналымда Маккензи Макдональдқа, ширек финалда ресейлік Даниил Медведевке бір партиядан ұтылды.

Синнер жартылай финалда қатты буырқаныспен келе жатқан Джек Дрейпермен беттесті. Оның оңайлықпен берілмейтінін білді. Шынында солай болды. Бірақ бәрібір үш сетте ойынды тоқтатты – 7:5, 7:6, 6:2.

Тағы айта кетуіміз керек, Синнер 2024 жылы бес турнирде жеңімпаз атанды. Сонымен қатар биылғы маусымда бірде-бір финалда жеңіліп көрген жоқ.

Осы жылы Янник Синнер «Үлкен дулыға» шеңберіндегі 22 матчта жеңіске жетті. Бұрын мұндай жетістікке Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Новак Джокович және Энди Меррей секілді теннистің аттары аңызға айналған сайыпқырандары ғана қол арта алған еді.

Янник Синнердің «US Open» ашық чемпионатындағы ұтыстары:

1-айналым. Маккензи Макдональд (АҚШ, 140) 2:6, 6:2, 6:1, 6:2

2-айналым. Алекс Михельсен (АҚШ, 54) 6:4, 6:0, 6:2

3-айналым. Кристофер О’Коннелл (Аустралия, 87) 6:1, 6:4, 6:2

4-айналым. Томми Пол (АҚШ, 14) 7:6, 7:6, 6:1

Ширек финал. Даниил Медведев (Ресей, 5) 6:2, 1:6, 6:1,6:4

Жартылай финал. Джек Дрэйпер (Ұлыбритания, 25) 7:5, 7:6, 6:2

Фриц

Тейлор өз мансабында бірінші рет «Үлкен дулығаның» финалында шайқасқалы тұр. Бұған дейін оның шыққан ең биік «тауы» АҚШ-тың «US Open» чемпионатының ширек финалы болып еді.

Фриц «US Open» турнирінде соңғы жеті жылда норвег Каспер Руудтан кейін финалға шығып, сенсация жасаған екінші теннисші болды.

Осы турнир басталар алдында Тейлордың Нью-Йорк финалына шығатыны жөніндегі болжамға 50.00 пайыздық коэффициент тігілді.

Дегенмен, Фрицтің финалға шығуы оңай болған жоқ. Ол екінші раундта Маттео Берреттениді, төртінші раундта Каспер Руудты, ширек финалда Александр Зверевті жарыс жолынан шығарып тастаса, жартылай финалда Фрэнсис Тиафоны әрең бағындырды.

Тейлор Фрицтің «US Open» ашық чемпионатындағы ұтыстары:

1-айналым. Камило Уго Карабельи (Аргентина, 93) 7:5, 6:1, 6:2

2-айналым. Маттео Берреттини (Италия, 44) 6:3, 7:6, 6:1

3-айналым. Франсиско Комесанья (Аргентина, 108) 6:3, 6:4, 6:2

4-айналым. Каспер Рууд (Норвегия, 8) 3:6, 6:4, 6:3, 6:2

Ширек финал. Александр Зверев (Германия, 4) 7:6, 3:6, 6:4, 7:6

Жартылай финал. Фрэнсис Тиафо (АҚШ) 4:6, 7:5, 4:6, 6:4, 6:1

Болжам мен бәс

Букмекерлер коэффициенті: соның ішінде Синнердің бұл матчтағы жеңісіне 1,27, ал Фрицтің жеңісіне 3,92 ұсынады.

Болжам: өкінішке орай, мұнда көпшілік күтіп жүргендей, аса бір қатты тартыс орын ала қоймайды.

Айта кететін жайт, Фриц бұған дейін ашық хардта қатарынан 11 рет жеңіп келген.

Ұсынылатын бәс: Синнер үш сетте жеңіске жетеді, яғни 3:0 есебімен ұтады –  2.62.

Айтқандай, АҚШ ашық чемпионатының жеке тұлғадағы жеңімпазы биылғы жылы 3,6 миллион доллар көлемінде сыйақы алады, ал онымен бірге финалда шайқасқан теннисшіне 1,8 миллион доллар беріледі.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button