Моңғолия мектептері орыс тілінің орнына енді ағылшын тілін оқытады
УЛАН-БААТОР. 17 тамыз. Моңғолия мектептері оқушыларды алдағы 1 қыркүйектен шетел тілі ретінде орыс тілінің орнына ағылшын тілін оқытуды қолға алады. Бұл туралы asiarussia.ru ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Жаңа оқу жылынан бастап Моңғолияның көптеген мектептерінде ағылшын тілі негізгі шет тіліне айналады», – делінген ресурс хабарламасында.
Моңғолия Білім министрлігінің мәліметі бойынша, жаңа оқу жылынан бастап елдің көптеген мектептерінде ағылшын тілі негізгі шет тілі болып саналады.
Бұрын мұндағы мектептердің көпшілігінде орыс тілі оқытылатын.
Қабылданған жаңа шешім жайында Білім министрі Пуревсурангийн Наранбаяр мәлімдеді.
«Ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап негізгі шет тілі ретінде енгізіледі», деп хабарлады asiarussia.ru (ARD) өз мәнбесіне сілтеме жасай отырып.
Жаңа оқу жылында Pearson English бағдарламасы 100 мектепте бетпе-бет және онлайн режимінде сынақтан өтеді.
Моңғолия өзінің ағылшын тілі мұғалімдерін шетелде, атап айтқанда, Филиппиндегі магистратура бағдарламаларында оқытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Моңғолияға сапары кезінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен уәде еткендей, Улан-Бааторда АҚШ-тың көмегімен ағылшын тілін үйрену орталығы ашылады.
Моңғолия Парламенті 2023 жылдан бастап мектептерде ағылшын тілін негізгі шет тілі ретінде анықтайтын заң қабылдады.