Париж-2024: Боксшы Назым Қызайбай Олимпиаданың қола жүлдегері атанды
ПАРИЖ. 7 тамыз. Бокстан Қазақстан құрама командасының мүшесі Назым Қызайбай Олимпиаданың қола медаліне қол жеткізді. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Париж рингінде 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Назым Қызайбай бүгін түн ортасы ауа әлем және Азия ойындарының чемпионы Ву Ю атты қытайлық атлетпен өткен жартылай финалдық жекпе-жекте ұтылып қалды.
Шайқастың алғашқы екі раунды 4:1 есебімен қытайлық боксшының жеңісімен аяқталды. Үшінші раундта ол 3:2 есебімен алда болды. Қорытынды есеп 4:1 болып шықты.
Осылайша, Назым Қызайбай өз мансабында тұңғыш рет өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанып отыр.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – әлемнің 2014 және 2016 жылдарғы чемпионы. Ол 30 жаста. Ұзақ үзілістен кейін әуесқой боксқа қайта оралып, Олимпиада ойындарына қатысты.
Жартылай финалдың келесі жұбында түрік қызы Бусе Наз Чакироглу филиппиндік Айра Виллегасты 5:0 етіп ұтып, финалға шықты.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин жекпе-жек аяқталған бойда Назым Қызайбайды Париж Олимпиадасының қола жүлдесін алуымен құттықтады.
«Назымды Олимпиада ойындарының қола медалімен құттықтаймын! Назым ұзақ жылдар бойы еліміздегі әйелдер боксының жарқын өкілі әрі команданың көшбасшысы болып келеді. Өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысқанына қарамастан, ол әлемдегі ең мықты спортшылардың қатарынан екенін тағы бір дәлелдеді. Сіздің бұл жетістігіңіз көптеген жас атлетке жігер сыйлап, еңбек пен төзімнің ақталатынына шынайы үлгі болсын деп тілеймін. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан Назым мен оның бапкері Долкунжан Камековты және барша қазақстандықтарды Олимпиада медалімен құттықтаймын!», – делінген жеделхатта.
Еске сала кетейік, бүгін, 7 тамыз күні түнде біздің 80 келіге дейінгі салмақтағы саңлағымыз Нұрбек Оралбай украин Олександр Хижнякпен финалдық шайқасқа шығады. Жекпе-жек түнгі сағат 01:51-де басталады.
Сол сияқты бүгін кешке 77 келіге дейінгі салмақтағы грек-рим күресінің палуаны Демеу Жадыраев жапон Нао Кусакамен алтын медаль үшін таласады. Ол 21:10 сағатта басталатын бұл финалдық белдесу «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіледі.