Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Париж-2024: Бүгін Нұрбек, Карина және Сәкен шаршы алаңға шығады

ПАРИЖ. 2 тамыз. Бүгін қазақ боксшылары сапынан Нұрбек Оралбай, Карина Ибрагимова (суретте) және Сәкен Бибосынов Париж рингінде күш сынасады. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бұл күні 57 келіге дейінгі салмақтағы әйелдер 1/8 финалдық, ал 51 және 80 келіге дейінгі салмақтардағы ерлер ширек финалдық жекпе-жектерін өткізеді.

Бізден рингке бірінші болып 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай Астана уақытымен 20:22-де көтеріледі. Біздің бағланның қарсыласы – әзербайжан Мурад Аллахвердиев. Егер Нұрбек бұл бәсекелесінен аса алса, Кристиан Жавьер Пиналес (Доминикан) – Габриел Веочич (Хорватия) жұбының жеңімпазымен жартылай финалда қолғап түйістіреді.

Содан кейін сағат 23:32-де 57 келіге дейінгі салмақтағы Карина Ибрагимова өзінің Олимпиададағы бірінші шайқасына шығып, Пуэрто-Рико атлеті Эшли Энн Лозада Моттамен жұдырық сілтеседі. Карина бұл белестен өтсе, ширек финалда Лилия Шеремета (Польша) – Тина Рахими (Аустралия) жұбының мықтысымен айқасады.

Соңынан, сағат 00:20-да 51 келіге дейінгі салмақтағы Сәкен Бибосынов өзбек Хасанбой Дусматовпен жан беріп, жан алысатын шайқас өткізеді. Ал бұлардың жеңгені жартылай финалда Патрик Шиниемба (Замбия) – Дэвид де Пина (Кабо-Верде) атты африкалық дуэттің аты озғанымен ұстасады.

Бокс жекпе-жектері Астана уақытымен сағат 18:30-де «Ел арна», 23:00-де «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button