Ердоған Түркияның Израильге басып кіруге дайын екенін мәлімдеді
АНКАРА. 29 шілде. Түркия Тель-Авивтің Палестинаға қарым-қатынасына қатысты әрекеттеріне байланысты Израильге әскер кіргізе алады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түрік лидері Реджеп Тайип Ердоған осылай деді.
«Біз Қарабақ пен Ливияға қалай кірген болсақ, Тель-Авивке қатысты да соны істей аламыз», – деді ол. Бұған «бізге мұны жасауға кедергі келтіретін ешқандай себеп жоқ» дегенді қосты сосын. Бірақ президент әңгіме соғыс операциясы хақында болып тұр ма, жоқ басқалай әрекет пе, ол жағын ашып айтпады.
Мәлімдемеге жауапты Израиль тарапы әдеттегідей көп күттірген жоқ. Сол бойда елдің сыртқы істер министрі Исраэль Кац мәлімдеме жасап, Түркия президентін Ирақтың алдымен Израильмен жауласқан, 2003 жылы тақтан тайдырылып, дарға асылған бұрынғы лидері Саддам Хусейнмен теңестірді. «Ердоған қазір Саддам Хусейннің жолымен келе жатыр, сол сияқтанып Израильге доқ көрсетіп қояды. Ол тек мұның соңы немен аяқталғанын есіне түсіріп қоюға тиіс», – деп жазды Кац Х әлеуметтік желісінде.
Шыны керек, Ердоған Палестина-Израиль шиеленісін астанасы Шығыс Иерусалим етіп, 1967 жылғы шекара шегінде тәуелсіз Палестина мемлекетік құру жолымен шешу керек деп есептейді. Бұған Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз кезегінде «бір аумақта екі мемлекет» болуы идеясына келіспейтінін айтып, жауап қайтарумен келеді.
Түркия президенті 2023 жылдың қазан айында Израильдің палестиналық ХАМАС қозғалысымен соғысы басталғаннан кейін Израиль армиясының Газа секторындағы әрекеттерін бірнеше рет сынға алды. Атап айтқанда, ол мұны «қанды қырғын» деп атап, Нетаньяхуды «адам қатарынан шығарып тастады», содан бері онымен сөйлеспейді.
«Біз Нетаньяхудың адам өлтіру бағытындағы қылмыстарын ашып беріп, шындықты бетке айтамыз. Біз қазіргі заманның Гитлері іспеттес Нетаньяху мен оның сыбайластары жауапкершіліктен құтыла алмайтынын білуіміз керек, біз бұлардың соңына түсеміз», – деді Ердоған өз сөзінде.