Сайлау науқанынан ресми түрде шыққан Байденнің орнын Харрис басты
УАШИНГТОН. 22 шілде. АҚШ президенттігіне сайлау науқанынан ресми түрде шыққан Джо Байден өзінің орнына Камала Харрис келетінін айтты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мен президент сайлауында Дональд Трампты жеңе алатын адамның кандидатурасын ұсынамын», – деді ол.
Қазіргі іс басындағы президент Джозеф Байден сонымен бірге өзінің осы қызметінің соңына дейін міндетін атқаруға мүдделі болып отыр.
Енді оның сайлау алды науқанын өзінің орынбасары Камала Харрис жалғастыратын болады.
Жексенбі күні кешке Ақ үйдің қожайыны Х (Twitter) әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында президент жарысынан шығатынын хабарлаған мәлімдемесін жариялады.
Хабарламада оның мұндай шешімге АҚШ пен Демократиялық партияның мүдделері үшін келгені атап өтілді. Сонымен бірге президент өзінің осы каденциясы аяқталғанша міндетін атқара беретінін білдірді.
Америка лидері президенттік кезеңінде қол жеткізген жетістіктерін, атап айтқанда, АҚШ экономикасының әлемдегі ең күшті деңгейін сол қалпында сақтап қалғанын баяндап, осы жолда өзіне қолдау көрсеткендердің бәріне, соның ішінде «барлық бастамаларда керемет әріптес» ретінде көрсете білген вице-президент Камала Харриске айрықша алғыс айтты.
Ол енді Демократиялық партия атынан президенттікке кандидат болып сайлауға қатысатын Камала Харриске толық қолдау көрсететінін мәлімдеп, демократтарды республикашы Дональд Трампты жеңу үшін партия өкілінің жанына топтасуға шақырды.
Бұдан бұрын республикашылар Байденнің сайлауда өзін алмастыруы заң жүзінде кедергіге тап келетінін мәлімдеген еді.
Бұған дейін жүргізілген сауалнама сайлауда Трампты жеңуге Байденнен гөрі Харристің мүмкіндігі көп екенін көрсеткен болатын.
Егер осы жолы Камала Харрис жеңіске жетіп жатса, ол АҚШ тарихындағы бірінші әйел президент болмақ.