Қазақстан велотрек командасы төңірегінде де жанжал туып жатыр
АСТАНА. 10 шілде. Велотректен Қазақстан ұлттық құрамасы төңірегінде күтпеген жерден тағы бір дау-дамай бұрқ ете түсті. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған құрама бас жаттықтырушысының Париж Олимпиялық ойындарына іріктеу сайыстарында үздік көрінген лайықты спортшыны емес, өз шәкіртін апара жатқаны себеп болып отыр. Порталдың жазуынша, «ел чемпионатында топ жарған спортшы Олимпиададан тыс қалып, оның орнына екінші орын алған спортшы» аттанатын болған.
Негізі, лицензия велоспортшы Сергей Пономаревқа тиесілі еді. Ол биылғы 3-7 шілде күндері аралығында Астанада өткен ел чемпионатында кейрин мен спринттен алдына жан салмаған. Осының өзі аталмыш атлеттің Париждегі XXXIII жазғы Олимпиадаға баруына нақты себеп болатын. Алайда ол төрт жылдық циклдан күтпеген жерден тыс қалғалы тұр. Оның орнына ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Иван Сиваштың жерлесі, көрсеткіштері өзге спортшылардан төмен Андрей Чугай бармақшы.
Ерекше айта кететін жайт, Чугай спринттегі бәсекеде Пономаревтен 0:2 есебімен ұтылып қалса, кейтрингте өткен соңғы сайыста 5 ұпайға жеңілген.
«8 шілде күні велоспорттан Олимпиада ойындарына қатысуға өтініш беру аяқталды. Алайда қатысушылар тізімінде Қазақстан ұлттық чемпионатында спринт пен кейринде абсолютті чемпион атанған Сергей Пономарев енбей қалды. Оның орнына Андрей Чугай Парижге барады. Бұған дейін ол барлық жарыстардан Пономаревтен ұтылған еді. Бас жаттықтырушы Сиваш осындай маңызды жарысқа қатысушыны қандай талаптар бойынша таңдағанын түсінбеймін. Егер Чугай Пономаревтан ұтылса, оның Олимпиадада жеңіске жетеріне кепілдік бар ма?», – дейді Маңғыстау облысының велоспорттан аға жаттықтырушысы Жанұя Сейітов Orda.kz-ке берген сұхбатында.
Париждегі Олимпиялық ойындарға спортшының кандидатурасы бойынша түпкілікті шешім Қазақстан ұлттық чемпионатынан кейін қабылдануы тиіс-тін. Ал Франция астанасында 27 шілде күні басталатын додаға Пономарев баруы керек еді. Бірақ соған қарамастан, ел чемпионатында екінші орын алған Андрей Чугай аттанғалы отыр. Әзірге бұған қатысты туризм және спорт министрлігі мен ұлттық құрама тарапы ләм-мим деп ауыз ашпады. Соған қарағанда, Париж Олимпиадасында Чугайдың сынға түсетіні нақты шешім болуы әбден мүмкін.