Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Ұлыбританияның жаңа премьері Украинаға көмек жалғаса беретінін мәлімдеді

ЛОНДОН. 5 шілде. Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Украинаға осы кезге дейін беріліп келген көмектің көлемі кемімейтінін білдірді. Бұл туралы The Guardian ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Риши Сунак 4 шілдеде мерзімінен бұрын өткен Қоғамдастық палатасы сайлауында өзінің Консерваторлар партиясы жеңіліске ұшырағаннан кейін Ұлыбритания премьер-министрінің орынтағынан кететін болды. Оның орнын лейборист Кир Стармер басады.

Мәтбұғат атап өткендей, өзінің кететінін мәлімдеген Риши Сунак Британия халқының адамды жөнге салатын үкім шығарғанын айта келіп, теріс нәтиже үшін жауапкершілікті тек өз мойнына алатынын жеткізді.

Ол Лейбористер партиясының лидері Кир Стармерді жеңісімен құттықтап, биліктің ауысу процесі бейбіт жолмен және қалыптасқан формада өтетінін баяндады. Өз кезегінде Стармер өзінің саяси күші сайлауда жеңіске жеткені үшін Ұлыбритания халқына алғыс айтты.

Енді Кир Стармер бүгін Ұлыбритания королі Үшінші Чарльздың қабылдауында болғаннан кейін премьер-министрдің орынтағына отырып, жаңа үкіметті құра бастайды.

Айта кетейік, көптеген сарапшылардың пікірінше, Лейбористік партияның сайлауда жеңіске жетуі Лондонның Украинаға қатысты саясатына ешқандай өзгеріс енгізе алмайды.

Бұған дейін Стармер мен басқа да жоғары лауазымды лейбористер Ресей Федерациясының агрессиясын бірнеше рет айыптап, Киевке әскери көмек беруді қолдаған еді. Бұдан бөлек, Украина Ұлыбританиямен кем дегенде алдағы 10 жыл бойы қару-жарақ алып тұруды көздейтін қауіпсіздік туралы келісім жасасқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 22 мамырда Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак парламенттің таратылғанын жариялап, мерзімінен бұрын сайлау өтетінін хабарлаған еді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button