Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Оқу-ағарту министрі «соңғы қоңырау» 25 мамырда соғылатынын айтты

АСТАНА. 30 сәуір. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы оқу жылының соңғы қоңырауы 25 мамырда соғылатынын мәлімдеді. Бұл туралы inbusiness.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Бұған дейін биыл соңғы қоңырау рәсімін жасауға тыйым салынатыны айтылып келген еді.

Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгін мектеп түлектеріне үндеу арнап, тоңның жібігенін білдірді.

«Осыған орай, оқу бағдарламаларын жыл бойына табысты меңгерген 3,8 миллионнан астам еліміздің оқушылары, келесі сыныптарға көшірілсін. Мектептің 1-10 сынып оқушыларына «Білімім Отаныма» тақырыбындағы Бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамыр жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс.

Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамырда «Ынтымақ айы» айлығын өткізу жоспарланған. Оның аясында «Таза Қазақстан», «Игі істер», «Каникулда кітап оқиық» және т.б. шаралар қарастырылған», – деді министр.

Сонымен қатар, Ғани Бейсембаев еліміздегі 186 мың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырды.

«Биылғы түлектер аталған іс шараны жоғары мәдениеттілікпен, ысырапшылдықсыз, даңғазалықсыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндіктеріне сенімдімін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз. Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқарамаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін», – деді министр.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button