Салтанаттың ағасы сотталушы телефонынан видео көргенде жылап жіберді
АСТАНА. 22 сәуір. Астанада жүріп жатқан сот процесі барысында марқұм Салтанаттың туған ағасы Айтбек Амангелді сотталушы Бишімбаевтың телефонындағы видеоны көргенде, өзін ұстап тұра алмады. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың телефонына түсірілген бейнежазбаларды қарау кезінде жылап жіберді. Бүгін сот айыпталушының телефонын қарауға кірісті», – деп атап өтті ресурс тілшісі.
Бишімбаевтың телефонынан видеоны ең алдымен судья Айжан Құлбаева қарап шықты. Содан соңыра материалдар зардап шеккен тарапқа бөлек көрсетілді.
«Есімізде болсын, бұл тек 9 қараша күні түсірілген видео», – деді судья.
Видеоларды қарау кезінде марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді, сондай-ақ оның адвокаты Жанна Уразбахова өздерін ұстап тұра алмай, жылап жіберді. Мұның алдындағы сот процесі кезінде Салтанаттың әпкесі ауырып қалған болатын: ол үшін «жедел жәрдем» шақыруға тура келді.
Aikyn.kz мәтбұғатының жазуынша, Айтбек Амангелді судьядан Бишімбаевтың телефонындағы зорлық-зомбылық белгілері бар бейнежазбаны көпшілікке көрсетпеуді сұраған. Сондықтан оны тек мүдделі тараптар ғана көре алды.
Судья бейнежазбаны «Нүкенова жалаңаш, үстінде тек қара күрте бар. Ол еденда еңбектеп, диванның қасынан бірдеңе іздеп жүр» деп сипаттады.
Судья Айжан Құлбаева видеоның дауысын шығарғанда, Бишімбаевтың Нүкенованы қатты балағаттағаны естілді. Ол Нүкеновадан Райымбек Баталовпен қандай байланысы болғаны туралы дөрекі түрде сұрап, мойындауын талап еткен.
Бишімбаев басында «мұның бәрі монтаж, менің телефонымды бұзып, біреу енгізіп қойған. Бұл видео 9 қарашада түсірілуі мүмкін емес» деп жауап берген-тін. Алайда бұдан алдын Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің Бишімбаев телефонын кодсыз аша алмай қойғандары белгілі болған еді. Сондықтан Бишімбаев өзінің бұл қасарысу әрекетінен де түк шықпасын сезіп, кейін видеоны өз түсіргенін мойындады.
Судья одан не үшін бұлай істегенін сұрағанда, сотталушы «қорлауына қорлаумен жауап бергісі келгенін» жеткізді.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова өз кезегінде Нүкенованың беті қан болғанына, соңғы бейнематериалдарда көздері ісіп, тіпті аша алмай қалғанына назар аударды. Бұған жауап ретінде Бишімбаев сол сәтте оған өлім қаупі төнгенін байқамағанын айтуды жалғастырды. «Мен өлімге әкелетін қауіпті көрмедім, оған бірдеңе болуы мүмкін деп ойламадым», – деді ол сотта еш шімірікпестен.
КТК телеарнасындағы «Дау-дамайсыз» бағдарламасының авторы, журналист Жазира Бегалы Астанада өтіп жатқан сот отырысы әлеуетінде сотталушы Қуандық Бишімбаевтың телефонындағы видеоны көрген судья Айжан Құлбаеваның кескін-келбеті жайлы Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырды.
«Бишімбаевтың сотында сотталушының телефонындағы кадрларды көрген судьяның реакциясынан марқұм Салтанаттың қандай күйде болғанын жорамалдауға болады. Мына сот отырысын көруге қорқатын жағдайға жеттім. Бір мәрте тікелей эфирді көріп, бір апта ұйықтамадым. Есеңгіреп жүрдім. қуандық бишімбаев бір мемлекеттің экономикасын қалай басқарған? Тағы қандай жаға ұстатарлық кадрларды көреміз? Ең жас министр деп мақтаған адамның шынайы бет пердесі шешіліп, сот отырысындағы кадрлар жүйкемізді жұқартып, жанымызды жаралап бітті . Кеше бір кісі «қызыма тұрмысқа шықпашы, аман-есен жүре берші» деп күнде айтамын» дейді. Алла сақтасын», – деп жазды ол.
Қазір Бишімбаевқа қатысты жүріп жатқан сот процесі күн сайын You Tube әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Оны көріп отыруға Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Алмания, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия, Корея, Ресей, Сакартвело, Молдова, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан мемлекеттерінің тұрғындары мүмкіндік алды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2023 жылғы 9 қарашада Астанада, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевтың жеке меншігіндегі «Bau» ресторанында орын алды. Онда әйелі Салтанат Амангелдіқызы Нүкеновамен бірге келіп, бір тәулікке жуық уақыт демалған экс-министр соңында жан төзгісіз қылмысқа барған. Ол жұбайын үздіксіз ұрып-соғып, өлім халіне дейін жеткізген. Таңертең ессіз жатқан әйелге тек кешке бір-ақ «жедел жәрдем» шақырған. Бұл кезде марқұмның әлдеқашан бақилық болып кеткені анықталады. Күдікті тек 11 қараша күні ғана қамауға алынды.
Бишімбаевтың сот процесі 27 наурызда басталды. Істі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева судья ретінде қарап жатыр. Сот сондай-ақ сотталушы Қуандық Бишімбаевтың талабы бойынша 12 адамнан тұратын алқабилер сотының қатысуымен өтуде.