Бишімбаевтың бұрынғы әйелі қайын атасының өзін ұрғанын айтты
АСТАНА. 17 сәуір. Әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деген айып тағылған экс-министрдің бұрынғы жұбайы қайын атасы Уәлихан Бишімбаевтың өзіне қол көтергенін жеткізді. Бұл туралы «Халық үні» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев сотта бұрынғы әйеліне «көлігімді ұрлап, бопсалады» деген кінә артты.
Назым Қаһарман экс-күйеуінің айыптауына Instagram-дағы парақшасында жауап берді.
Ол Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін балалары үшін алаңдағанын, сол үшін Бишімбаевтың анасынан көлік сұрағанын жазды. Айтуынша, экс-министрдің шешесі Альмира Нұрлыбекова түрлі сылтау айтып, бірде-бір көлікті бермеген.
«Кісі өлтірілгеннен кейін алғашқы күндерде балаларым үшін қатты уайымдадым. Оларды үнемі бақылап отырғым келді. Үшеуін де бірдей автобуспен жеткізе алмайтынымды біліп, Қуандықтың ата-анасынан көлік сұрадым. Себебі, желіде түрлі жағымсыз пікірлер болды. Әрине, мен ана болған соң қатты алаңдадым. Мені тек балаларымның жағдайы алаңдатты. Бишімбаевтың анасының сөзінше, барлық көліктер тергеу оқшаулағышына сәлемдеме апару үшін және адвокаттарды апару үшін керек. Бұл жерде бір ғана қорғаныс болуы керек еді – шын жүректен мойындау. Ал қазір цирк болып жатыр. Жалпы, көлік беруден бас тартты. Ол немерелерім аман қалады деп жауап берді», – деді Қуандықтың бұрынғы әйелі.
Назым Қаһарман сондай-ақ 11 қарашада Бишімбаевтың ата-анасымен арада жанжал болғанына тоқталды.
«Екеуміз ажырасқанда, Қуандықтың мүлкі болмады. Бірақ мектептің ақшасын төлеп, қамқорлық жасап, барлығын реттейтін әке болды. Қуандық адам өлтірген соң балалардың жағдайы үшін, оның әкесіне қаржы мәселесін көтердім. Қуандықтың әкесі мені «саудагер» деп атап, екі рет ұрды. Мұның бәрін қызым көрді», – деді Назым.
Оның айтуынша, қиын жағдай кезінде көмек қолын созған жалғыз адам Бақытжан Байжанов болған.
«Балаларға қолдау көрсеткен, әке жағынан жалғыз туысы Бақытжан болды. Ол бізге өзіне тіркелген көлікті алып кетуді ұсынды. Сол кезде ол Қуандықты «мал екен» деді. Көлікті балалар үшін алдым. Нәтижесінде мен ұры болып шықтым. Айтпақшы, Қуандықтың ата-анасының Алматыдағы пәтерінің құлпын қашан ауыстырғанын білмеймін. Жаңа жыл қарсаңында балаларым заттарын алуға барғандарында, ол жерде ешкім болмаған соң заттарын ала алмады», – деді Назым Қаһарман.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы «Bau» ресторанында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).
Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).