Бишімбаев блокнотындағы Нүкенованың «қолхаты» судьяға жаға ұстатты
АСТАНА. 8 сәуір. Астана бүгін қайта жалғасқан сот процесінде Қуандық Бишімбаевтың қойын дәптеріндегі Нүкенова жазды делінген хаттың мазмұны судьяны таң қалдырды. Бұл туралы nur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Ол Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отыр.
Сот отырысы сағат 10:00-де басталды.
Бишімбаевтың адвокаты соттан айыпталушының қойын дәптеріне жазылған Салтанаттың «қолхатын» оқуға рұқсат беруді сұрады. Қорғаушының мәлімдеуінше, хат 2023 жылдың мамыр айында Салтанат пен Қуандық туған күнге кешігіп барған кезде жазылған. Бишімбаев куә болғандай, Салтанат ешқайда барғысы келмеген, өйткені, Бишімбаев оған «екеуі айырылысып кеткен кездегі телефон қоңырауларын қағазға басып шығаруға» рұқсат етпеген.
«Ол (Бишімбаев. – ред.) қоңыраулар басып шығарылған қағазды ұсынғаннан кейін ол оның қойын дәптеріне нақты мән-жайға қатысты хат жазғанын білген», – дедіі экс-министрдің адвокаты.
Содан кейін адвокат сотты Бишімбаевтың қойын дәптеріндегі хатпен таныстырды.
«Мен, Салтанат Нүкенова, Қуандыққа деген сенімді қалпына келтіруге уәде беремін, оған сенетін боламын, қызғанбаймын, психологқа үнемі барып тұруға, өз бетіммен жұмыс істеуге, сеніміммен жұмыс істеуге уәде беремін, адал, тілалғыш боламын, Қуандықты құрметтейтін, боламын, отбасын сақтайтын қамқор әйел боламын. Балағаттамаймын, долданбаймын, ондай жағдай бола қалса, түсіністікпен қарап, өзімді қолға аламын. Оның пікіріне сенім білдіремін, ол маған жақсылық ойлайтынына сенемін деп ант етемін. Қоңыраулар тізімін көрдім, көңілім орнына келді, қаупім орынсыз болды, мүмкіндік бергені үшін Қуандыққа ризамын. Бәлкім бұл менің тарапымнан дұрыс болмаған шығар, бірақ басқа амалым болмады. (…) Сүйікті Қуандығыма қамқор болуға, құрметтеуге, әрқашан қолдау көрсетуге, Қуандықпен бірге намаз оқуға, санаммен жұмыс істеуге, рухани өсуге, Алланың көмегімен үйімді, махаббатымызды қорғауға міндеттенемін. Бірде ол бізді қосқан еді, мен оған махаббатым мен күйеуім үшін алғыс айтамын», – деп адвокат хатты оқып берді.
Бишімбаев қорғаушыларын бұл айғағына судья қатты таңғалды.
«Мұны әйелі күйеуіне жазып отыр ма? Мұны қалай түсінуге болады? Мен әйелдің күйеуіне бұлай деп жазғанын бірінші рет көруім. Мұны не істейміз?», – деп судья таңырқап қалды. Мемлекеттік айыптаушы және жәбірленуші тараптың адвокаттары бұл жазба мен қойын дәптердің қайдан шыққаны анықталмағанын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бұл дәптердің айғақ ретінде көрсетілмегенін атап өтті.
Сондықтан сот жазбаны дәлел ретінде тану туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Еске сала кетtйік, өткен аптадағы сот процесінде Салтанат Нүкенованың телефоны тексерілген болатын. Мемлекеттік айыптаушы марқұмның телефонындағы жазбаларды оқып шықты. Солардың бірінде Нүкенова Бишімбаевтың опасыздығы үшін кешірім де сұрамағанын жазған. Бұған қоса, айыпталушы Бишімбаев сотта жауап беруін жалғастырды. Ол Салтанат қайтыс болған күні не жағдай болғанын айтты. Сондай-ақ ол сотта Нүкенованы қайтыс болған күні қалай ұрғанын әңгімеледі. Сотта сондай-ақ Бишімбаевтың Нүкенованы ұрып-соққаны, шашынан сүйреп тартқаны түсірілген кадрлар көрсетілді.
Tengrinews.kz ресурсының жазуынша, бүгінгі сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова сотталушыдан Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні неге «жедел жәрдемге» емес, көріпкелге хабарласқанын білуге ынта танытқан. Ол 2023 жылдың 9 қарашасында Бишімбаевтың алдымен көріпкелге телефон соққанын еске түсіріп, әйелдің қайда тұратынын, оны қанша уақыттан бері танитынын және олардың бір-біріне кім екенін сұрады.
«Ол Шымкентте тұрады, 1,5-2 жылдан бері бизнес мәселелері бойынша кейде хабарласып тұратынмын», – деп жауап берді сонда сотталушы.
Бұдан кейін Жанна Оразбақова көріпкелдің медициналық білімі бар-жоғын сұрады. Сотталушы бұл туралы білмейтінін, бірақ ол әйелге «әрқашан сенетін» жеткізді.
«Олай болса сотқа түсіндіріп беріңізші, басқа қалада тұратын, медициналық білімі бар ма, жоқ па, өзіңіз нақты білмейтін адамға не үшін хабарластыңыз? Жаныңызда жатқан және медициналық көмекке мұқтаж әйеліңізге ол қалай қашықтан көмек көрсетуі керек еді?», – деді сосын қорғаушы.
Бұған Бишімбаев түсінікті де тұшымды жауап қайтара алмады. Ол мұны айтып тұрған кезінде тақырыптан едәуір ауытқып кетті.
«Ол ұйықтап жатты. Менің түсінігім бойынша, ол ұйықтап жатты. Мен сіздің сұрағыңызға жауап бердім: мен оған (көріпкелге – ред.) сенетінмін. Яғни, бұрын мен кейбір бизнес жұмыстарым туралы сұрағанымда, ол әрқашан, менің ойымша, маған дұрыс жауап берді. Бірақ бұл өз түсінігім бойынша. Менде белгілі бір деңгейде сенім болды (…) Менің түсінігім бойынша, Салтанат ұйықтап жатты, оның өлім аузында жатқаны туралы ешқандай белгі болмады», – деп ауа жайылды Қуандық Бишімбаев.
Адвокат, оның ойынша, егер Салтанат Нүкенова «жай ұйықтап жатса» неге көріпкелге жүгінгенін қайтара сұрады.
«Көгерген жері (Нүкенованың бетіндегі – ред.) үлкейіп бара жатты, бірақ есімде жоқ, қайдан шыққанын да түсіне алмадым. Сол жағында болған. Шынымды айтсам, бұл мені қатты абдыратып қойды», – деп тағы лағып кетті сотталушы.