Беларусь елшісі Путиннің «Крокустегі» украин ізі жайлы өтірігін әшкереледі
МӘСКЕУ. 24 наурыз. Беларусьтің Мәскеудегі елшісі ФСБ-ның «Крокус Сити Холлды» атқан терроршылар Украинаға барып, сіңіп кетпек болды деген өтірігін байқамай ашып қойды. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Беларусьтің Ресей Федерациясындағы елшісі Дмитрий Крутой Беларусь шекарашылары Мәскеу облысында «Крокус Сити Холлды» атқылауға қатысқан терроршылардың шетелге қашып кетуіне жол бермеді деп мәлімдеді. Ол осы арқылы содырлардың Украинаға емес, Беларуське қарай беттеп бара жатқандарын жанама түрде аңғартып алды. Елшінің мәлімдемесін Ресейдің «РБК» мемлекеттік басылымы жариялап жіберді.
Дмитрий Крутой (төмендегі суретте) Беларусь пен Ресей барлау қызметтері шабуылдан кейін бір-бірімен байланысып отырды деп сендірді. Демек, олар лаңкестер мінген көліктің елдің батыс шекарасына қарай бет алғаны жайынан хабардар болған.
«Шын мәнінде, өткен түннің басты міндеті терроршылардың біздің ортақ шекарамыздан өтіп кетуіне жол бермеу еді. Бұл міндет орындалды», – деп мәлімдеді елші.
Айта кетейік, Ресей БАҚ-тары әуелі содырлардың Брянск облысындағы Беларусь шекарасына бірнеше шақырым жердегі Сурож ауданы жерінде ұсталғаны жайында жазды. Онда тіпті оларды қолға түсірген жердегі кент атауы Теплый екені де атап көрсетілді.
Алайда көп ұзамай Ресей Федерациясының арнайы қызметтері айғақтарын күрт өзгертіп жіберді. Енді жаңа нұсқаға сәйкес, терроршылар Украина шекарасына шамамен 100 шақырым жерде тұтқындалған болып шықты.
Кейінірек осы соңғы версияны диктатор Владимир Путин қайталап айтып, жұртты Украина содырлардың өтулері үшін арнайы «терезе» дайындап қойды деп сендірмек болды. Бірақ бұл топтың Ресей әскери күштері қаптап тұрған және тығыз миналанған шекараны қалай кесіп өтпек болғанын түсіндіріп бере қоймайды.
Крутойдың айтуына қарағанда, терроршылар Украинаны емес, Беларусьті бетке алып шыққан сияқты. Мұнда жеткенге дейін 400 шақырымға жуық жерді өздері «Крокуске» мініп келген көлікпен жүріп өткен. Сонда осыншама қашықтықты бекерден-бекер шарлап келген бе?
Еске сала кетейік, 22 наурыз күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залына камуфляж киген қарулы содырлар басып кіріп, сонда «Пикник» рок тобының концертін тамашаламақ болып отырған мыңға жуық көрерменге автоматтан оқ жаудырады. Артынша жарылыс жасайды. Соңынан ғимараттың әр жеріне от қойып, оқиға орнынан еш кедергісіз емін-еркін кетіп қалады. Бұл уақыттың бәрінде Ресей күштік құрылымдары әрекетсіз тұрған. Олар содырлар кетіп қалғаннан кейін ғана бой көрсеткен.
Соңғы мәліметтер бойынша, шабуылда 150-ден астам адам қаза тапқан. Бұлардың қатары бұдан кейін де көбейе беруі әбден мүмкін.
Бұл террорлық актінің жауапкершілігін халықаралық «Ислам мемлекеті» лаңкестер ұйымы артынша өз мойнына алды. Алайда Мәскеу бұл мәлімдемені ысырып қойып, өздерінің «украин ізі» хақында шығарып алған болжамдарынан табандатып кетер емес. Осы және осыған ұқсас тағы бірқатар фактілер халықаралық көптеген сарапшылар алға тартып отырған «Терактінің артында Путиннің өзі тұр» деген тұжырымның жаны бар екенін пайымдатады.
Осы орайда ФСБ генералы Герман Угрюмовтың 2000 жылдың көктемінде, Путинді президент етіп сайлап алғаннан кейін: «Оны Кремльге отырғызу үшін бізге көптеген үйлерді жарып жіберуге тура келді, ал енді оны ол жақтан алып тастау үшін қанша қан төгуге керек болады» деген сөзі ойға оралады. Осы сенсациялық мәлімдемесінен кейін генерал бірнеше ай ғана өмір сүрді…