«Астана Балет» Атырауда алғаш рет өнер көрсетеді
АСТАНА. 5 наурыз. «Астана Балет» театры 12 және 13 наурыз күндері Атырауда қойылым қояды. Бұл туралы «Астана Балет» театры баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
«Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театры сахнасында тұңғыш рет «Астана Балет» шығармашылық ұжымы өнер көрсетеді. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында өтетін гастроль наурыздың 12-13 күндері өтеді», – делінген хабарламада.
Театр ұжымы Джордж Баланчиннің «Серенада» бір актілі балеті мен «Ұлы дала мұрасы» дивертисменті енген таңдаулы бағдарламасын тарту етпекші.
ХХ ғасыр балетінің алтын қорына енген «Серенада» – америкалық хореограф Джордж Баланчиннің айтулы туындысы. 2017 жылы «Астана Балет» театрының сахнасында өткен премьера еліміздің мәдени тынысындағы зор құбылысқа айналды. Себебі, сол шақта бұл күллі Орталық Азия аумағында Джордж Баланчин қорымен ынтымақта, хореографтың стилі мен техникасының стандарттарын толық сақтай отырып қойылған алғашқы балет болатын. «Серенаданы» қазақ сахнасында қойған Виктория Саймон – америкалық хореографтың төл шәкірті. Бұған дейін ол әлемнің түрлі елінде Баланчиннің отыз шақты спектаклін cахналаған.
Екінші бөлімде қазақ мәдениетінің қыр-сырын әйгілі ететін «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы көрсетілмек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің әрбір хореографиялық миниатюрасы көшпелі халықтың таным көкжиегін айғақтайтын туындылар.
Осы бағдарламаға енген миниатюралар қазіргі қазақ хореографиясын тануға мүмкіндік береді. Мұнда этнография элементтері, би дәстүрі мен заманауи хореографиялық шешімдер үйлесім тапқан.
«Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті театрымыздың гастрольдік бағдарламаларына дәстүрлі түрде енгізіліп отырады. Лондон, Милан, Монако, Нью-Йорк сынды қалалар мен өзге де елдерде көрсетілген бағдарлама көрерменнің ерекше ықыласына бөленген. Айталық, британиялық «Таймс» ұлттық нақыш, әсем костюмдер мен қазақстандық әртістердің шеберлігіне тәнті болған.
«Біз Атырауға көптен бері бармақшы едік. Осы қала тұрғындары мен қонақтары өнерді ерекше қастерлейді. Сол себепті біз гастроль бағдарламасына Джордж Баланчиннің әлемге әйгілі «Серенада» бір актілі балеті мен Театрымызды даралап тұрған «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын қосып отырмыз. Әртістеріміз бен шығармашылық топтың өнері атыраулық көрермен көңілінен шығады деген үміттеміз», – деді қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти.
Айта кетейік, наурыздың 25-26 күндері астаналық ұжым дәл осы бағдарламаны Семейдегі Абай атындағы театр сахнасында көрсетпекші.
Айта кететін бір жайт: «Астана Балет» театры 2012 жылы құрылып, ұжымның бастауында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әлила Әлишева, Айгүл Тәти және Әсел Құрманғалиева тұрды. Театр репертуары әлемдік және отандық классика жауһарларымен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады
Театрдың алғашқы көрсетілімі 2013 жылғы шілде айында өтті. Осы күні театр ұжымының жанкүйерлері Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де мыңдап саналады.
2016 жылғы 10-желтоқсанда «Астана Балет» Театры» ғимараты ашылды. Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған елорданың жаңа сахнасы Еуропа, Америка мен Азияның әйгілі жұлдыздары өнер көрсеткен беделді әрі танымал алаңға айналды.
Театр репертуарында 22 спектакль мен 4 концерттік бағдарлама бар. Олар «Жизель», «Шерткіш», «Махаббат туралы аңыз» және «Күлше қыз» сынды ауқымды қойылымдардан тұрады.
«Астана Балет» театры өндірістік-қойылым жұмыстарының бәрін өз күшімен атқаратын өнер ордасына айналды.
«Астана Балет» театры Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Беларусь, Бельгия, Жапония және өзге де елдерде өнер көрсетіп, көрермен ілтипатына бөленген.