Тоқаев «Ресей Путиннің басшылығымен елеулі жетістіктерге жетеді» деді
ҚАЗАН. 22 ақпан. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Владимир Путин жетекшілігінде елеулі табыстарға жететініне сенім білдірді. Бұл туралы «РИА Новости» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қазақ лидері мұны Қазан қаласында өтіп жатқан «Болашақтың ойыны» халықаралық турнирінің ашылуына қатысу үшін барған сапары аясында орын алған ресейлік әріптесімен келіссөзі барысында айтты.
«Біз бәріміз Ресейде 17 наурызда өтетін президент сайлауын күтіп отырмыз. Түпкілікті нәтиженің ойдағыдай боларына күмәніміз жоқ. Өйткені, Ресей сіздің беделді басшылығыңызбен таңқаларлық табысқа қол жеткізіп келеді», – деп тебіренді Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу кезінде.
Қазақстан Президенті бұған Путиннің шын мәнінде өз мәлімдемелерімен, іс-әрекетімен жаһандық күн тәртібін қалыптастырып келе жатқанына ризашылық пейіл танытты. Әлбетте, әңгіме соғыс турасында болып отырмаған шығар.
«Бұл біздің ынтымақтастығымызға және сіздің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Менің ойымша, қос тарап, екі елдің үкіметтері аталған уағдаластықтарды табысты жүзеге асырып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар», – деді Тоқаев бұдан әрі.
Қазақстан басшысы сондай-ақ Ресей экономикасының өте күрделі жағдайда тұрғанына қарамастан, зор табыстарға жетіп келе жатқанын, ал сатып алу қабілеті жағынан ел экономикасының Еуропада бірінші болып тұрғанын атап өтті. «Бұл Астана және Мәскеу арасындағы ынтымақтастыққа табиғи жолмен оң серпін беріп отыр», – деді ол сосын.
Тоқаев бұдан бөлек, республикада үш жылу және екі су электр станциясының құрылысын салу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгені үшін Путинге алғыс айтты.
Еске сала кетейік, Ресей президентінің сайлауы 2024 жылғы 17 наурызда өтеді. Онда дауыс беру мерзімі үш тәулікке созылып, 15,16 және 17 наурыз күндерін толық қамтиды.
Ресей орталық сайлау комиссиясы мемлекет басшылығына мүдуәр санатында Леонид Слуцкий, Николай Харитонов, Владислав Даванков және Владимир Путин деген азаматтарды тіркеді. Ал диктаторға мейлінше қауіпті қарсылас болып есептелген Евгений Надеждинді дауыс жинау парақшасында жалған қол қоюшылықтар бар деген желеумен тіркемей қойды. Содан кейін РФ жоғарғы соты үміткердің апелляциялық шағымын қараудан бас тартты. Ол президент болып сайлана қалса, бірінші кезекте Ресей рашизмінің Украинадағы басқыншылық соғысын тоқтататынын ашықтан-ашық айтып жүрді.
Тағы бір жайт, көптен бері Кремль оппозициясының лидері ретінде көрініп келген Алексей Навальный ақпанның 16-сы күні Ямал-Ненец округіндегі колонияда жазасын өтеп жатқан жерінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Биліктегілер қазір марқұмды жерлеу рәсімі президент сайлауының өзіне үлкен кедергі келтіруі мүмкін деген үреймен денесін туған-туыстарына бермей отыр. Алайда, шыны керек, Ресей халқы үшін Путинге қарсы келе алатын зор тұлға болып көрінген оны әлем жұртшылығының ақыл-ойлары түзік өкілдері саяси әрекетін нацистік ұйымның белсендісі болудан бастаған, соңғы демі шыққанша шовинист қалпынан айнымаған қаныпезер қайраткер ретінде жақсы біледі.